Облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда қоғамдық тәртіпті және тұрақтылықты қамтамасыз етуде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекеті талқыланып, күн тәртібіндегі мәселеге орай Тимирязев және Шал ақын аудандық комиссияларының атқарған жұмыстары тыңдалды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңірдегі құқықтық ахуал жайында хабарлаған облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов өткен жылы ауыр қылмыс – 6 пайызға, аса ауыр қылмыс 28 пайызға кемігенін айтты. Қарақшылық, адам өлтіру, қоқан-лоқы көрсету фактілері де біршама азайған. Жедел басқару орталығына қосылған 74 бейнебақылау камерасы да полицейлер жұмысының тиімділігін арттырып отыр. 2012 жылы камералар арқылы 86 қылмыстың ізі суымай ашылса, былтыр бұл көрсеткіш 171-ге жеткен. Ал биылғы жылдың басында техникалық құралдардың көмегімен 16 қылмыс әшкереленіпті.
Қылмыс жасауға итермелейтін қоғамдық дерттер – маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу, жасөспірімдер қылмысына тосқауыл қою басты назарда екенін айтқан өңірдің бас полицейі құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Бүгінгі таңда 27 әкімшілік учаскеде, сондай-ақ екі ауданның орталығы – Бескөл және Тимирязево ауылдарында учаскелік пункттер мүлдем жоқ. Сонымен қатар қызметтік көліктердің жеткіліксіздігіне және тозуына байланысты учаскелік инспекторларға қосымша 107 көлік қажет. Қызметкерлерді пәтермен қамтамасыз ету, облыстық наркологиялық орталықтағы орын тапшылығы мәселелерін де алға тартқан Ақан Қажкенов тұрғындарды ерікті түрде қоғамдық тәртіпті қорғауға тартудың маңыздылығына да көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда облыс аумағында құрамында 761 адамы бар құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдардың 173 жасағы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының 0,1 пайызын ғана қамтып отыр. Сол себепті полицияның ерікті көмекшілері институтын жаңғырту және нығайту зор маңызға ие.
Комиссия отырысында Тимирязев және Шал ақын аудандарының әкімдері құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде қабылданған шаралар туралы хабарламалар жасады. Шал ақын ауданында өткен жылы тіркелген қылмыс саны оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артса, Тимирязев ауданында көлікті айдап әкету, біреудің мүлкін қолды қылу фактілері біршама көбейген. Ал жалпы көрсеткіш бойынша аталған аудандардағы қылмыстық ахуал тұрақты.
“Поиск молодых и здоровых” қоғамдық жастар бірлестігінің төрағасы Евгений Пешков “Жас Отан” жастар қанаты ұйымының белсендісін ведомствоаралық комиссия мүшелігіне енгізу туралы ұсыныс жасады. Ұсынысты қабыл алған облыс әкімі Самат Ескендіров өңір тұрғындарын және бизнес өкілдерін қоғамдық тәртіпті қорғауға жұмылдыру мәселесіне баса көңіл бөлінетінін айтты.