Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына экология саласына жауапты мекемелердің тісі бір батпай-ақ қойды. Экология департаменті биылдың өзінде бұл мәселеге екі рет оралып, “Qyzyljar – adaldyq alańy” офисіне жиналған қоғамдық ұйымдардың назарына ұсыныпты. Өңірде жұмыс істейтін 458 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының 279-да ғана жер актілері бар. Нормативтік-құқықтық құжаттарға толық иелік еткендері 17 ғана. Өкінішке қарай, бірде-бір ауданда қоқыс өңдейтін және қайталама шикізатты қабылдайтын арнайы орындар қарастырылмаған. Полигондарды қалпына келтіруге 14 миллион теңге бөлінгенімен, белгіленген шаралар аяғына дейін атқарылмаған.
– Облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды жинап, қайта өңдеумен 12 ұйым айналысады. Тұрмыстық заттарды бөлектеп жинау мақсатымен көпқабатты үйлердің жанына, аулаларға 954 контейнер, мекемелерге 800 экобокс орнатылды. Қайталама шикізатты қабылдайтын 9 орын ұйымдастырылды. Ескі электр қондырғылары 13 арнайы контейнерге тасталады, – дейді мамандар.
Орын алған олқылықтар арасында ең жиі кездесетіні – заңсыз қоқыс алаңдары. Экологтар жасанды жерсеріктің көмегіне жүгіне отырып, 900-ге жуық қоқыс алаңын анықтағанымен, төрттен бірі әлі тазартылмаған. 117 кәсіпорынды тексеру барысында көптеген заң бұзушылық тіркелген. 49 миллион 439 мың теңгенің 54 хаттамасы толтырылған. 12 миллион 190 мың теңге өндіріліп алынған. Осы құрғақ цифрларға қарап-ақ қаншама бұратартушылықтың, экология талаптарын өрескел бұзушылықтың толастамай тұрғанын аңғару қиын емес.
Кезінде Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда орналасқан бес кен орнында уран өндірілгенін біреу білер, біреу білмес. Улы зәрін шашқан ошақтар баяғыда жабылып қалғанына қарамастан, тұрғындар өте қауіпті зоналарға баруды тоқтатар емес. Оған тиісті шара қолданып жатқан жергілікті билікті көрмейсің. Кен орындарына кіру түгіл, оған жақындаудың өзі денсаулыққа үлкен қатер төндіретінін, оның ақыры орны толмас қайғыға душар ететінін ешкім ескергісі келмейді. Өйткені, қалай болса солай қоршалған. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік шаралары жіті ойластырылмаған. Сол сияқты қалдық суларды еркелей аққан Есіл өзеніне ағызу, ластау фактілері де тыйылмай тұр. Былтыр “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” мекемесі 153 мың текше метр қалдық суды өзенге төге салған. Осы заң бұзушылық үшін екі рет айыппұл төлеуіне тура келген. Бірі – 150 мың теңге, екіншісі – 30 миллион теңге.
Түйткілді мәселенің біріне қоқыстардың, өндірістік қалдықтардың сұрыпталмайтынын, контейнерлерге бөлек-бөлек салынбайтынын жатқызуға болады. Бұл енді тұрғындардың жауапсыздығы! Полиэтилен, пластик, қағаз, шыны ыдыс… қалай болса солай араласып, үлкен қолбайлау туғызатын жайттар аз кездеспейді.
Қанша айыппұл салса да, шыбын шаққандай көрмейтін сазбет кәсіпорындар бар. Солардың бірі – “Қызылжар тазалық” ЖШС-і. Оған сот шешімімен жарты миллион теңге айыппұл белгіленіп, тау жығарлық екпіні бәсеңсігенімен, уақыт өте келе бұрынғы “әніне” қайта басқан.
– Осы сияқты мекемелер өндірістік қалдықтарды өртеудің санитарлық талаптарын сақтай бермегендіктен, небір зиянды заттар айналаға таралып, жұртшылықтың орынды ренішін тудырып жатады. Жұмыстарын шектейік десек, іске тежеу салмаңдар, күл-қоқысты кім шығарады деп қалалық әкімдік тулап шыға келеді. Осылай екі оттың арасында жүргеніміз, – дейді экология департаменті бастығының орынбасары Азамат Бектасов.
Аудандардың өндіріс қалдықтарын сақтайтын, көметін арнайы орындарды құруға құлықсыздығының себебі мынада екен: бір ғана полигонның бағасы 100-200 миллион теңге аралығында. Бұған екінің бірі тәуекел ете алмасы анық. Сосын көзді жұмып қойып, заңды белінен басады. Екіншіден, аудан орталықтарында Петропавлдағыдай полигон салу тиімсіз. Өйткені, Экологиялық кодекс талаптары бойынша пластик, полиэтилен, картон, шыны ыдыс қалдықтарын сақтауға, көмуге тыйым салынған. Сондықтан заң талаптарына өзгерістер енгізіп, жеңілдіктер жасамай болмайтынын айтқан сала мамандарының сөзінің жаны бар. 2021 жылдан бастап құрылыс материалдары қалдықтарын көмуге де шектеу қойылмақ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.