Жұбайым Ардақпен шаңырақ құрғаныма сегіз жылға жақындады. Жаңа өмірге қадам басқан жас отбасы болғандықтан, алдымызда қиындықтар та кездесті. Мемлекетіміздің жастарға көрсетіп жатқан қамқорлығы мен мүмкіндіктерінің арқасында мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Тұңғыш Президент күні қарсаңында “Береке” шағынауданындағы 96 пәтерлік тұрғын үйден баспана алуымыз соның бір айғағындай.
Осы уақытқа дейін Петропавл қаласында анамыздың қолында тұрып келдік. Бөлек шығып, баспанаға қол жеткізуді армандадық. Сондықтан бірден қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке кезекке тұрдық. Осыдан екі жыл бұрын ұлымыз Даниал дүниеге келіп, отбасымыз тағы бір жанға көбейді. Көп күттірмей кезегіміз де келіп, мереке қарсаңында облыс әкімінің қолынан “Береке” шағынауданындағы екі бөлмелі пәтердің кілтін алғанымызда, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Одан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов үйімізге қонақ болып, дастарқанымыздан дәм татты.
Жаңадан отау құрған жас отбасылардың басты мәселесі – баспана. “Нұрлы жер” бағдарламасы өзіміз сияқты отбасыларға өте ыңғайлы әрі қолжетімді деп ойлаймын. Биылдың өзінде екі мыңға жуық отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойлап үлгерді деп естідік. Осы көрсеткіштің өзі жоғарыда айтқан сөзімізге дәлел болады. Өйткені, пәтер жалдап тұратын жас отбасылардың көбі бастапқы жарнаны жинай алмай жатады. Сондықтан бастапқы жарнасыз әрі сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтердің ақысын төлеу әлдеқайда жеңіл. Егер кіріс жетпей жатса, кепіл болатын адамды тартуға болады. Баспананы мерзімінен бұрын да сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Гүлжанат ШАЛАҚАЕВА.
Петропавл қаласы.