«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚУАНЫШТАН ГӨРІ ӨКІНІШІМ БАСЫМЫРАҚ»

– Жақсыбай Баянұлы, есіміңізді республика жазушы-журналист ретінде жақсы таниды. Өміріңізді қаз қалпында қағаз бетіне түсірдіңіз десем, қателес­песпін. Сөзіміздің айғағы – «Өмір жолы – тар соқпақ» кітабыңыз. Алла жазса, жақында 65 жастың биігіне көтерілесіз. Осы жастың төрінен өткенге көз жүгірткенде қандай сезімде боласыз?

– Өмірдің өзі өкініш пен қуа­ныштан тұрады ғой. Менің қуа­ныштан гөрі өкінішім басымы­рақ па деймін. Қолым жететін көп нәрседен өзім айырылып қалдым. Мысалы, кандидаттық диссертациямның тақырыбын бекітіп тұрып, қорғауға мойын жар бермеді. Күнделікті күйбең­мен жүріп, уақыт өткізіп алдым. Мансап жолымды өсіруге де ұм­тылыс жасамадым. Ақордаға баспасөз қызметіне шақырғанда да бармай қалдым. Міне, осын­дай өкініштер көп менде. Бірақ Аллаға шүкір деймін, қуанышта­рым да аз емес.

«Өмір жолы – тар соқпақ» де­ген еңбегім – өмірдің кейбір қырлары ғана ғой, күнделікті де анда-санда ғана жазып отырдым. Адам күнделікке өзінің өмірін ешқашан тұтастай түсіре алмай­тын шығар. Бұл еңбегімде жеке өмір жолымнан гөрі өзім көрген өмірдің шындығын жазуға ты­рыстым. Біз кешкен өмірдің аре­насында болған адамдар мен оқиғалардың сипатын кейіпкер­лерімнің мінезі, іс-әрекеті арқы­лы объективті тұрғыдан айтуға талпындым. Әрине, менің пікір­лерім, көзқарастарым кейбіреу­лерге субъективті болып көрінуі мүмкін, өйткені әр адамның өз шындығы бар ғой. Жалпы бәріміз пенде болған соң абсо­лютті шындық болмайды. Бәл­ки, болашақта біздің өмірдің шындығын білгісі келетіндерге менің еңбектерімнің пайдасы болар деген үміттемін. Ал қазіргі уақытта менің еңбектерім тиісті деңгейде өз бағасын алып жат­қан жоқ.

– Сәбит, Ғабит, Сафуан сын­ды қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері құндақталған теріс­кей өңірде ақын-жазушылардың қатары сиреп барады. Ұлт мәйегінің кенжелеп қалуы ненің сал­дары?

– Таланттар кейде қаулап өседі, кейде біраз уақытқа үзіліс болады. Бұл – табиғи заңдылық. Табиғат талантты анда-санда бе­ретінін естен шығармайық.

Бір кезде Сәбит пен Ғабиттің атақтары дүркіреп шықты. Аға­ларының әсерімен Сафуан шық­са, оның ізін басқан Зейнел-Ға­би Иманбаев, Кәкімбек Салы­қов, Ермек Қонарбаев, Есләм Зікібаев, Бақыт Мұстафин, Мүтәллап Қанғожиндер елдің құрметіне бөленді. Мағжан ақта­лып, есімі аталып, шығармалары насихаттала бастағанда әдебиет­ке құштар жандардың қатары кө­бейді. Сондықтан таланттар жоқ деп кесіп айтуға болмайды.

Осыдан он жыл бұрын Қа­зақстан Жазушылар одағына Жарасбай Сүлейменов, Тоқтар Зікірин, Зейнолла Әкімжанов төртеуіміз ғана мүше едік. Қазір Аллаға шүкір, таланттар көбейіп келеді. Өздерің біздің ізімізді ба­сып келесіңдер. Әдебиетке құштарлықтың салқындағаны рас. Бірақ жоқтан тәуір.

– Үкілі Ыбырайдың 165 жыл­дығын Ақмола облысы, ғалым Ев­ней Бөкетовтің 100 жылдығын Қарағанды дүркіретіп өткізді. Өз тұлғаларымызға немқұрайдылық танытуды қашан қоямыз?

– Еліміз мақтан тұтқан тұл­ғаларды «біздің жерлесіміз» деп мақтана алмай жүргеніміз шын­дық. Жергілікті билік те көңіл бөлмей тұр. Оны айтатын адам керек. Облыстың тарихынан ха­бары болмаса, Үкілі Ыбырайдың мол мұрасы барын айтуымыз қажет. Өлке азаматтары ретінде Ыбырайдың қазақ музыкасы­ның шоқтығы биік тұлғасы екенін дәлелдеп, әндерін дәріп­теуге тиіспіз.

КСРО кезінде мемлекеттік сыйлық алған үш-төрт ұлты қа­зақ ғалым болса, соның бірі – Евней Бөкетов. Оның ашқан ғы­лыми жаңалықтары ел мүддесіне қызмет етуде. Қарағандыда ал­ғаш университет ашып, оның ректоры болды. Облысымыздың топырағында құндақталған осындай тұлғаны өз тұғырында көрсете алмай, жүз жылдық то­йын атай алмағанымыз ұят нәр­се.

Облыстық музей мен кітап­ханаларда қос тұлғаға да арнап іс-шара ұйымдастырып, ыры­мын жасадық. Екеуінің де жүріп өткен жолы – жас ұрпаққа үлгі.

– «Халық өзі шешеді» деген қағидамен ономастикалық мәсе­лелерді қашан шеше аламыз? То­понимикалық жер-су атаулары­нан хабары жоқтар өз ата-бабасының атын беру үшін жанын са­лып жүгіріп жүр. Осы бір оғаш тірлік қашан тыйылады?

– «Халықтың пікірін сұрау керек» деген бар. Бұл 1993 жылы қабылданған заң да айтылған. Ол кезде өзге этнос өкілдерінің ық­палы өзімізден мықты болды. Қазақ мүддесін қорғаушылар әлсіздеу еді. Демократияның ізі­мен «жергілікті халықтың еркіне салу» деген желеуге салып, адым аштырмады.

Мысалы, қаланың байырғы атауын қайтарсақ, халықтың пікірін сұрауға тиіспіз. Өзге эт­нос өкілдерінің көзқарасы өз­геріп, бізге қарай бұрылып, икемделіп келеді. Алайда сепа­ратистер «тарихты ұмытпау керектігін» айтып кеуде соғуы мүмкін. «Барлық жер-су, елді мекендердің қазақша атаулары бар. Тарихи атауларды қайта­руымыз керек. Идеологиялық тұрғыдан ескірген большевиктік атаулардан арылғанымыз дұрыс. Демократиялық елміз», – десек, «Тарихи атау. Лениннің аты тұру керек», – деп ерегесіп кетеді.

Ономастикалық мәселелерді шешуді жергілікті билік пен жо­ғары билікке берген дұрыс. Әйт­песе өзіміз ұсыныс тастап дау­рықсақ, өзге этнос өкілдері үн қатпай отыра алмайды. Сөйтіп халықтың арасы ашылады. Бұл бізге керек пе? Тыныштық, ынтымақтастық бірінші орында. Сондықтан бұл заңға өзгеріс енгізу керек.

– Әлеуметтік желіні қоса қал­сақ, әйелімен ажырасқанын ай­тып жылап отырған еркектің мұ­ңын тыңдайтын болдық. Ер­леріміздің ұсақталуына гендерлік саясат кесірін тигізбеді ме?

– Бұл сөзіңнің жаны бар. Қылшығын аламыз деп былшы­ғын шығаратынымыз бар. Әйел­дер бұрыннан сыйлы еді. Нәзік жандарды қолдайтынбыз, қор­ғайтынбыз, әрқашан құрметке ие еді. Ата дәстүр-салтымызға қарасақ, қыздың орны – төрде. Қызына ұрыспайтын, жаман сөз айтпайтын халықпыз.

Гендерлік саясаттың міндеті – ер мен әйелді теңдестіру. Бізде жай да тең болған үйлесімді шет елдердің дүниетанымымен сәй­кестендіреміз деген саясатты жүргізе бастады.

Қазір қоғамда отбасылық құ­пияны сақтамай, үй ішіндегіні жариялау деген пәле ушығып тұр. Отбасындағы ұрыстарын, таластарын жариялап, айтыс-тартыстарын эфирде көрсетіп, ажырасып кету үйреншікті жағ­дай болды. Ар-ұят ұмыт қалды. Қаншама отбасы бұзылды. Мы­салы, күйеуі әйелін ұратын бол­са, жазасын беретін заң бар. Ал қалғанын құпия ұстаған дұрыс. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтынын ұмытқандаймыз.

– Мектебінде айғай-шу шық­қанын қаламаған директордың мұғалімге шәкіртінен кешірім сұ­рататынын естідім. Ата-ана ретін­де осы жайында ойыңызды білсек деп едік. Бұл педагогтың мәрте­бесін түсірмей ме?

– Бұл жерде екі жақты қарау керекпіз. Педагогтардың ара­сында дөрекілері бар. Баланың жағынан тартып жібергендері де болды. Телефон шыққалы азай­ды ғой.

Педагог әр баланың қылығы­на шыдау қажет. Кішкентай адамның «үлкен проблемасына» түсіністікпен қарағаны дұрыс. Бәріне топырақ шашудан аулақ­пын. Оқушының балалығына шыдай алмай қол көтеретін, не боқауыз сөз айтып қалатын оқытушылар әріптестерінің абыро­йына нұқсан келтіреді.

Арадағы дауды шеше алмаған мұғалім мен оқушы директорға баратыны бесенеден белгілі. Сонда мектеп басшысы оқушы­лардың алдында мұғалімге бала­дан кешірім сұратуы педагогтың мәртебесін түсіреді. Директор ақылдың биігінде болып, оқушы мен мұғалімді оңаша алдыртып, пікірлерін тыңдап, ақылын ай­тып, қойдыру керек.

– Өз туған жеріңіз – Тауағаш ауылының мектебі жабылып қал­масын деп әрқайсында бес баласы бар екі отбасы көшіп барыпты. Үй мәселесі түбегейлі шешілді ме?

– Олар үймен қамтамасыз етілді. Отын-сулары жеткізілді. Ауыл азаматтары көмір алып бе­руге ниеттеніп отыр. Әркім өз жағдайына қарай көмек қолын созып жатыр. Тауағаштықтар он баланы қаңғыртып жібермейді ғой. Көшпен айналысып жүрген Бурахан Дақанов бауырымыз жеті балалы тағы бір отбасы ке­летінін айтқан. Аудандағы ең үл­кен қазақ мектептерінің бірі – Тауағаш мектебінде барлық ма­ман, алпыстан астам оқушы бар, Аллаға шүкір. Ауылдан үдере көшіп жатқан ешкім жоқ. 70-тен астам үй бар. Ауылдастар келген отбасыларды жатсынбай, бауыр­ға басып отыр.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp