«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ТӨРІНДЕГІ ДУМАН

Облыс орталығында қала күніне орайластырылған бір­қатар шаралар өтті. Соның бірі –«Ауылдың үздік мәде­ниет мекемесі – 2025» облыс­тық көркемөнерпаздар бай­қауының гала-концерті. Ауыл­дағы өнерпаздарды қолдау, демеу елді мекендерді дамы­туға қосқан зор үлес. Осыны мақсат тұтқан байқауға об­лыстың түкпір-түкпірінен келген үздік ауылдық өнер ұжымдары қатысып, вокал, хореография және аспаптық орындаушылық бойынша өз шеберліктерін көрсетті, жеңімпаздар анықталды.

Байқау қорытындысы бо­йынша Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бас жүлдеге лайық деп танылып, «Газель» автокөлігінің кілтіне ие бол­ды. Бірінші және екінші тұ­ғырға Жамбыл мен Уәлиханов аудандары көтеріліп, қомақты ақшалай сыйақымен марапат­талды. Айыртау мен Қызыл­жар аудандарының мәдениет мекемелері жүлделі үшінші орынды иеленді.

Облыс әкімі орталық алаң­да ұйымдастырылған салта­натты жиынға да қатысты. Шараға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Тарихы терең Петропавл қаласы бүгінде өткені мен бүгіні үн­дескен заманауи шаһарға ай­налған. Осыны тілге тиек ет­кен өңір басшысы қаламыз­дың күн сайын көркейіп, жай­лы, заманауи әрі шырайлы шаһарға айналып келе жатқа­нын атап өтті.

Мереке аясында құрметті атақтар табысталды. «Сол­түстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы «Зенченко және К» КТ-ның бас директоры Геннадий Зен­ченкоға, профессор Зарқын Тайшыбай мен еңбек ардагері Виктор Лиге берілді. Петро­павл қаласының құрметті аза­маты атағына еңбек ардагер­лері Амангелді Кенжеғожин мен Сара Тасеменова, про­фессор Андрей Солодовник ие болды. Олардың еңбегі, білімі мен адалдығы қаламыз бен өңіріміздің дамуына серпін берді.

Облыс әкімі қаланы дамы­туға үлес қосып жүрген бар­лық азаматтарға – құрылыс­шыларға, ұстаздарға, дәрігер­лерге, кәсіпкерлерге, қоғам белсенділеріне, еріктілер мен жастарға алғыс айтты.

Облыс орталығында 74 сквердің құрылысы мен Қа­зақстан Конституциясы кө­шесін жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жалғасып келеді. Жоба үш кезең бо­йынша жүзеге асырылып, инженерлік желілер мен өр­нектастар ауыстырылады, аулалар көгалдандырылып, екі мыңға жуық ағаш көшеті егіледі, ғимараттардың қас­беті жаңа архитектуралық пішінде безендіріледі, спорт, ойын және серуен алаңқай­лары салынады, субұрқақтар жөнделеді.

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Астана мен Парк көшелері аралығын, сондай-ақ Ойқала мен Былға­ры зауыты шағынауданда­рында тұрғызылып жатқан демалыс орындарын аралап, атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың барысымен танысты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp