Қазіргі уақытта “Бір белдеу, бір жол” бағдарламасы аясында отандық өнімдерді шетелге экспорттауды табысты жүзеге асырып жүрген компаниялар аз емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін аспан асты еліне жеткізуді қолға алғандардың бірі – “Green Gold Sko” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Компания директоры Қанат Баймұхамбетовтың айтуынша, серіктестік құрамында генетикалық модификацияланған ағзалары жоқ, экологиялық таза өнімдердің шетелде танымалдығын арттыруды көздейді.
– Қытай әлемдегі нарықтық әлеуеті зор елдің бірі екені мәлім. Сондықтан көптеген мемлекеттің кәсіпкерлері бұл елде кәсібін дөңгелетуге ниетті. Екі ел арасындағы сауда-саттық байланыс нығайып келеді. Әйтсе де, экспорт көлемі әлі көңіл көншітпей отыр. Мен Қазақстан мен Қытай арасындағы форумдарға, сондағы сауда алаңдарына және көрмелерге бірнеше рет қатысып, олардың өнімдерімен танысқан едім. Кейін “Green Gold Sko” халықаралық компаниясын құрдым. Әрине, алғашында біраз қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе көп мәселелер шешімін тапты. Біздің компания екі ел арасындағы сауда қатынастарын нығайтуға өзіндік үлесін қосуда, – дейді Қанат Талғатұлы.
Алғашқыда компания өкілдері Қытайдың нарығын алты ай бойы зерттеген. Сөйтіп, бір миллиардтан астам халқы бар елде экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін анықтап, жергілікті шаруалардың бұл қажеттілікті толтыра алмай отырғанына көз жеткізген екен. Іскер азамат бірқатар кездесулер өткізіп, Қытайға өңірімізде өндірілетін ұн өнімдері және өсімдік майларын жеткізу жөнінде келісімшартқа отырған. Бүгінгі таңда компания Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындардың және өңіріміздегі “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін Қытайға экспорттауда.
Компания қос мемлекет арасындағы халықаралық әріптестіктің аясын кеңейту мақсатында Қытайдың Сиань, Үрімші, Ухань және Шанхай қалаларындағы “Шинханшенщиан”, “Шэнси шеннон”, “Кинжиаио” және тағы басқа ірі сауда ұйымдарымен байланыс орнатқан. Бүгінде бұл келісімдердің нәтижесінде ортақ жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Қытайдың “Шаньси” ауыл шаруашылығы экономикалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның нәтижесінде үстіміздегі жылдың тамыз айында Тайынша ауданындағы Октябрь станциясынан бидай тиелген 50 вагон аспан асты елінің Алашанькоу стансасына жөнелтілді.
Әңгіме барысында компания басшысы “Бір белдеу, бір жол” жобасының маңыздылығына тоқталып өтті. Кәсіпкердің айтуынша, экологиялық зардаптардан әбден титықтаған Қытайға таза өнім ауадай қажет. Ал Қазақстан органикалық таза өнім өндіретін, ауыл шаруашылығының мүмкіндігі миллиардтан астам адамды асырауға қабілетті ел болып табылады.
Солтүстікқазақстандық компания Қытай еліне зығыр, тазартылмаған күнбағыс, рапс майын, жоғары және бірінші сұрыптағы ұн мен күнбағыс дақылын экспорттайды. Бұдан бөлек, серіктестік Қарағанды облысынан қой етін, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан көлінде мекендейтін көксерке, мөңке, рипус, сазан және шортан балықтарын Шығыс Азия елдеріне жөнелтуде.
“Green Gold Sko” компаниясы жобаларды кеден-логистикалық ресімдеу және қажетті ақпараттық қолдау көрсетуімен де айналысады. Бүгіндері Қытайдың үш шаһарында және Астанада логистикалық орталықтары жұмыс істейді. Қанат Баймұхамбетовтың айтуынша, Еуропадан Қытайға шыққан жүктер Қазақстан арқылы шамамен 15 күнде жетеді. Ал теңіз арқылы жеткізу 4-6 аптаға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан бұл компания көлік-логистика мен ілеспе бағдарлар қызметін жетілдіруде.
– 2020 жылға қарай екі ел арасындағы сауда айналымы 40 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Болашақта аспан асты елінің қалаларында сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Ақ қайыңдар өлкесінің өнімдері дүние жүзіне танылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! – дейді Қанат Талғатұлы.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.