Сейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов “ҚазТехМаш” ЖШС-інде болып, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техника шығару үшін жасақталып жатқан бірлескен кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Өткен жылы өңір басшысының арнайы қабылдауында болған “Самұрық-Қазына-Инвест”, “ҚАЗИНТЕРТЕХСЕРВИС” ЖШС-лерінің және Финляндияның “Sampo Rosenlew Ltd”, Польшаның “Pronar SP.z.o.o.” компанияларының өкілдері Петропавлда ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техника шығаруға арналған бірлескен кәсіпорын құруға ниетті екенін білдіріп, әкімдіктен қолдау тапқан болатын. Соған орай құрылған “ҚазТехМаш” ЖШС желтоқсан айынан бастап бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауыты (МЛД зауыты) ғимаратында өндіріс орнын жасақтауға кіріскен. Аталмыш кәсіпорынға 1,9 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Серіктестік директоры Сәбит Шәкенов Ерік Хамзаұлына индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығының Индустрияландыру картасына енгізілген серпінді жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді. Оның айтуына қарағанда, күні бүгінге дейін жалпы аумағы 7 мың шаршы метр болатын құрастыру цехы 3 желі орнатуға әзір етілді. Оған қажетті құрал-саймандар, жабдықтар жеткізілуде. Әкімшілік ғимарат та күрделі жөндеуден өткізілуде. Комбайн құрастыруға басшылық жасайтын 14 маман Финляндияның “Sampo Rosenlew Ltd”, Польшаның “Pronar SP.z.o.o.” компанияларында озық технология бойынша оқып, тәжірибеден өтті. Алғашқы кезде осы компаниялардың инженерлері әріптес ретінде серіктестікте бірге еңбек етіп, жергілікті мамандардың өздігінен жұмыс істеп кетулеріне көмек көрсететін болады.
– Инновациялық жобаның бірінші кезегінде дайын бөлшектерден тек қана комбайндар құрастырумен айналысып, оның отандық мазмұнын арттыра түсуге біртіндеп көшетін боламыз. Зауыт толығымен жұмыс істеген кезде бір жылда 400 комбайн, 500 трактор, 1200 коммуналдық техника шығаруға тиіспіз. Өндіріс орнында 168 адам жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта көне ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары аяқталып келеді. Құрастыру цехы желілер орнатуға даяр. Облыстық әкімдік тарапынан бізге жан-жақты көмек көрсетілуде. Кредиттің сыйақы ставкасы “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында демеуқаржыландырылады. Алғашқы комбайндарды цехтан шығаратын күн де алыс емес. Сол үшін тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз, – деді Сәбит Шәкенұлы.
Облыс әкімі лизингке және демеуқаржыландыруға байланысты мәселелерді Астанаға барып, таяу күндері жеделдете шешуді өзінің орынбасары Ерлан Әукеновке тапсырды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.