Жыл басынан бері облыста 809 өрт шығып, жалпы құны 492 млн. теңгеге шығын келтірген. Тілсіз жаудан 46 адам жапа шеккен, оның ішінде 5-еуі – бала. Күйікке шалдыққандардың 32-сі түрлі ауырлық деңгейінде жарақат алған.
Күн суытып, аяз қысқан сайын пештегі от та қыза түсетіні аян. Алайда, қатты қыздырып жаққан отқа барлық пеш қондырғылары шыдай бермейді де, өрттің шығуына әкеп соғады. Оған, негізінен, пеш қондырғысының, соның ішінде түтін жүретін жолдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай салынуы себепші болады.
Осындай пештердің салдарынан Мамлютка, Булаево қалаларындағы, Қызылжар ауданы Соколовка ауылындағы, облыс орталығындағы Комаров, Залманов, Лазутин көшелеріндегі тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылғыларын өрт шалған. Петропавл қаласындағы Садовый тұйық көшесіндегі екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінен шыққан өрттен 8 адам құтқарылды.
Болжам бойынша электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан өрт салдарынан Тайынша ауданындағы Южное ауылының тұрғыны қыстың көзі қырауда баспанасынан, мал-мүлкінен айрылды. Ауыл жақын маңдағы өрт бөлімшесінен 55 шақырымда орналасқан. Жергілікті ерікті өртсөндірушілер тобы өз күштерімен тілсіз жауға қарсы тұра алмаған.
Мамлютка қаласының тұрғыны пештің күлін қораның іргесіне төккен, соның салдарынан шаруашылық құрылысына зиян келген.
Автокөлік электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан от Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл және Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылдары тұрғындарының көліктері мен гараждарын істен шығарды. Осыған ұқсас жайттар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында және Петропавл қаласында да орын алды.
Бүгінгі күні өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өрт шығу 15%-ға, одан келген шығын 7%-ға артқаны байқалады.
СҚО төтенше жағдайлар
жөніндегі департаменттің
баспасөз қызметі.