Жуырда орайы келіп, Петропавл қаласында тұратын бір қазақ азаматымен сөйлесіп отырып, әңгіме арасында осындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтырдан бастап келіп жатқан студенттер жайлы пікір алыстық.
– Менің осында тұратын бір танысымның баласы былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеуден тәп-тәуір ұпай алса да, оқуға грантпен түсе алмады. Қазір университетте ата-анасының есебінен ақы төлеп оқып жүр. Ал оңтүстік облыстардан келген жастар одан ұпайлары аз болса да арнайы бағдарламаға ілініп, грантпен оқып жүр. Мен мұны түсінбеймін … – деді басын шайқап. “Сенген қойым сен болсаң…” дегендей, өзім “Қызылжардың бір зиялысы ғой” деп санайтын кісіден мұндай пікір естимін деп күтпеп едім, төбемнен біреу шоқпармен ұрғандай болып, шалқамнан түсе жаздадым… “Ғылым кандидаты” деген дардай атағы бар азаматтың сөзіне қарадай қарыным ашып, одан әрі сөз таластырған жоқпын. “Миына ұлттық мүдде жайлы ой кірмеген ғалымды менің – ғылыми дәрежесі жоқ, қарапайым адамның қайта тәрбиелеуі қалай болар екен?..” – деген ой тоқтатты мені. Алайда, кейін сол ғалымша ойлайтындар арамызда жалғыз ол емес шығар деген күмән туып, қолыма қалам алуыма тура келді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” – “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасының мән-маңызын дұрыс түсіну үшін мынадай деректерге назар аударған жөн болар: былтырғы жыл басында Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны 575, 7 мың еді. Ал биыл бұл көрсеткіш 571,6 мыңға дейін кеміген. Яғни, бір жылдың ішінде 4,1 мың тұрғыннан айрылыппыз. Ал соңғы 10 жылда Қызылжар өңірі халқының саны орта есеппен жылына 10 мың адамға кемігенін, яғни 100 мың тұрғыннан айрылғанымызды ескерсек, теріс үрдістің былтыр екі еседей азайғанына да тәубе демеске амал жоқ сияқты. Алайда, облыстан кетушілер легі әлі де тыйылар емес. Сонда елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, кешегі батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған кең-байтақ жеріміздің ертеңгі тағдыры не болмақшы? Оған кім иелік етпек? Бұған қоса, еліміздің тұрғындарының саны көбейіп, жұмыссыздық проблемасы пайда болған өңірлеріндегі желкілеп өскен құрақтай өндір жастарымызды болашақта қайда жайғастырамыз? Міне, осыны ойлаған Мемлекет басшысының бастамасымен “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келген. Оған қазір артық жұмыс күші барлығы анық байқалып отырған Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарының және батыстағы Маңғыстау өңірінің жастары қатыса алады.
Былтыр “Серпін” бағдарламасы аясында біздің облысқа күнгейден 200 жас жігіт пен қыз оқуға келген еді. Олардың 150-і – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге, 50-і темір жол колледжіне қабылданған. Ал биыл аталмыш жоба бойынша университетімізге 300 студентті қабылдауға мемлекеттік гранттар бөлініп отыр. Олар 17 мамандық бойынша білім алатын болады. Бәрі де – Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден қажетті ұпайды жинағандар.
“Серпіндіктерді” біздің өңірден басқа, халқының саны аз, жұмыс қолы жетіспейтін Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының оқу орындары қабылдайды. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша барлығы 5000 білім беру гранты 52 мамандық бойынша бөлініп отыр. Ал өткен оқу жылында 1050 грант 19 мамандық бойынша берілген болатын. Бұл – игі бастама өрісі кеңейе түскендігінің айғағы.
“Серпін – 2050” бағдарламасы үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің айтуынша, “серпіндіктер” елімізге ауадай қажет техникалық, кәсіптік және педагогикалық мамандықтарды игереді. Олардың бәрі де жатақханамен толық қамтамасыз етіліп, шәкіртақы алады. Бірақ, егер кез келген студенттің оқу үлгерімі нашарласа, оған шәкіртақы беру тоқтатылады. Грант иегерлерінің қысқы және жазғы каникул кездерінде ауылдарына барып-келуге жұмсалатын жол шығындары да өтеледі. Осы жоба бойынша болашақ мамандарды жұмыспен қамту жолдары да қарастырылған. Олар “Серпін” әлеуметтік даму ұлттық қорына волонтер ретінде тіркеліп, сол қордың жанынан ашылған еңбек биржалары арқылы жұмыс табуға, түрлі қоғамдық шараларға қатысуға мүмкіндік алады. Бір айта кетерлігі: “серпіндіктердің” өздері жоба бойынша оқып жүрген оқу орнынан өзге оқу орындарына ауысуларына рұқсат етілмейді. Өйткені, жоба гранттары белгілі бір оқу орындарына бекітіліп берілген. Сондықтан студент оқу орнын ауыстырған жағдайда өз грантынан айрылады.
… Былтыр “Серпін” бағдарламасының арқасында Қызылжар өңірі халқының небәрі 34,2 пайызын құрап отырған қандас ағайындарымыздың қатарын қазағы қалың ортада өсіп, ұлттық тәрбие көрген 200 бозбала мен бойжеткен толықтырған болатын. Оларды біз “Оңтүстік қарлығаштары” деп атап, жақсылыққа жорығанбыз. Енді сол іні-қарындастарымыздың ізімен тағы 300 жас өрен ортамызды толтыра түспекші. Бұған жоғарыда сөз еткен ғалым азаматқа ұқсап қызғаныш білдірудің қисыны жоқ, керісінше, бөркімізді аспанға атып, қуануымыз керек!
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.