
Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың, агроқұрылымдардың басшылары, ғалымдар мен өңір жұртшылығы қатысты.
Аталмыш шараға жиналғандар салтанатты жиналысқа дейін театр ғимаратының екінші қабатына қойылған аудандар мен ұқсату кәсіпорындары өндіретін өнімдердің көрмесін аралап, “Аграрлық өңір” атты бейнефильмді тамашалады.
Облыстың агроқұрылымдары көктемнің әрбір ашық күнін тиімді пайдалана отырып, ырыс дәнін сіңірді, күзгі ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан, орақ науқанын аяқтап шықты. Нәтиже көңіл көншітерліктей. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Әрбір гектардан 17,4 центнерден өнім алған солтүстікқазақстандық диқандар республика қамбасына 5,5 млн. тоннадан артық астық құйып, облыстың, еліміздің дамуына зор үлес қосты. Майлы дақылдан, картоп пен көкөністен де жақсы өнім алынды. Бұл көрсеткіштерге сіздердің ерен еңбектеріңіздің, осы салаға жасалған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік. Орақ науқанын үзіліссіз жүргізуге астық қабылдау кәсіпорындары, темір жол, жол полициясы мен көлік инспекциясы және басқа да қызметтер ерен еңбек сіңірді. Облысымызда мал шаруашылығы, азық-түлік кәсіпорындары мен ұқсату өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Жыл басынан бері сомасы 55 млрд. теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілді, 2,1 млрд. теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында сомасы 172 млн. АҚШ долларын құрайтын 710 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды, – дей келіп, осынау игілікті істерді жүзеге асыруға үлес қосқан облыстың ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, табысты еңбектері үшін алғыс білдірді.
Салтанатты жиналыста ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы шығарылды.
Әрбір гектардан 19,4 центнерден өнім алған Қызылжар ауданы жеңімпаз деп танылды. Ерік Хамзаұлы Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековке тиісті диплом мен автокөлік кілтін табыс етті. Жүлделі екінші орынды – 19,0 центнерден өнім алған Мағжан Жұмабаев ауданы, үшінші орынды 18,2 центнерлік көрсеткішпен Аққайың ауданы еншіледі.
Ерік Сұлтанов гектар берекелілігін 35 центнерге жеткізген Қызылжар ауданындағы “Якорь СК” ЖШС-нің директоры Владимир Очеретенкоға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагері” медалін, ал егіннен мол өнім алған Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС директоры Геннадий Зенченкоға, Айыртау ауданындағы “Бабық-Бұрлық” ЖШС-нің директоры Сейілбек Махметовке облыс әкімінің Алғыс хатын, Қызылжар ауданындағы “Вагулино СК” ЖШС-нің бас агрономы Надежда Карандейкинаға “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісін табыс етті.
Агроөнеркәсіп кешенінің бір топ майталманы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.