Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Петропавл қаласын жылумен және сумен қамтамасыз етіп отырған төрт кәсіпорынның басшылары облыс әкімі Ерік Сұлтановқа атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.
– Жылыту маусымына дайындық жұмысын жыл сайын уақытында, әрі сапалы орындап келеміз. Алайда, атқарылар жұмыс әлі де көп. Еуропалық қайта құру және даму банкінен жылу, су тарату желілері мен кәріздерге ауқымды күрделі жөндеу жүргізу үшін қарыз алу жұмыстарын қолға алдық, – деді облыс әкімі Ерік Хамзаұлы.
Бүгінде “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған банкпен барлық келісімдерге қол қойып, демеуқаржыға қол жеткізген. Сондай-ақ, су құбырларын жаңарту үшін 3 млрд. теңге бюджеттік несие алған. Осы орайда алдағы 3-4 жылда кәріз жүйесінің – 48 пайызын, су құбырларының 58 пайызын жаңарту көзделуде. Жылу желілерінің де 72 пайызы ескіріп, түйінді мәселеге айналғаны көптен бері айтылып жүр. Десек те, екі жыл қатарынан жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш 60 пайызға төмендеген екен. Алдағы уақытта жылу желілерін жөндеу үшін 4,6 млрд. теңге тартылмақ.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов кәсіпорын басшыларына демеу-қаржыға қатысты мәселелерді шешіп, конкурстарды тиімді өткізіп, жөндеу жұмыстарына жедел кірісуді тапсырды.
“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Арман Сауытовтың айтуынша, олар өз қаржыларына 1,6 км. су құбыры мен 1,4 км. кәріз ауыстырған, 30 су құбыры мен 97 кәріз құдықтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Осындай жұмыстар жылу және электрмен қамтамасыз ететін кәсіпорындарда да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов көпқабатты тұрғын үйлерді қысқы уақытқа дайындау барысын баяндады. Бүгінгі таңда облыс орталығында 1050 көпқабатты тұрғын үй болса, шаю және қысыммен тексеру жұмыстарын 9 ұйым кезең-кезеңмен күзге дейін орындамақ. Бүгінгі таңда тек 26 көпқабатты үйде шаю жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, “СЕВКАЗЭНЕРГО” акционерлік қоғамы арқылы тұрғын үйлердің жертөлелерінде жылу энергиясын есептегіш құралдарын орнату жайы да айтылды. Егер ендігі жылдан бастап сараланған тариф енгізілетіндігін ескерсек, онда бұл жұмысты қазірден бастап белсенді атқару қажет. Сол себепті, тұрғындармен түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізуді тапсырған өңір басшысы Ерік Сұлтанов көшелерді қардан тазалайтын техникалардың дайындығын назарда ұстау қажеттігін де атап өтті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.