Дәстүрлі «Солтүстік-2025» қысқы спорт мерекесі мәресіне жетті. Бұқаралық спорттың дамуына серпін беретін бұл додаға облыстың 13 ауданының үздік спортшылары қатысты. Жарыстың ашылу салтанаты Ақжар ауданының Талшық ауылында өтті.
ХХІХ қысқы ойындардың жалауын шорт-трек және конькиден облыс чемпионы, шаңғы жарысынан жүлдегер Рустам Есім көтерді. Ал алауды тұтату құрметі қысқы көпсайыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері Ілияс Жұмановқа бұйырды.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысушыларды құттықтап, өңірде қысқы спорт түрлерінің дамып келе жатқанын атап өтті. «Қысқы спорт түрлері облысымыз үшін ерекше маңызға ие. «Солтүстік-2025» спартакиадасы жастарды спортқа баулу, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жарыс әділ әрі тартысты боларына сенімдімін. Спортшыларымызға жоғары нәтижелер мен жеңістер тілеймін», – деді Қанат Малғаждарұлы.
Спартакиада аясында хоккей, ринк-бенди, қысқы президенттік көпсайыс, керлинг және коньки тебу сынды спорт түрлерінен жарыстар өтті. Қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қызылжар ауданының спортшылары топ жарды. Екінші орынды Ақжар ауданының командасы иеленсе, үшінші орын Шал ақын ауданының еншісіне бұйырды. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге кубоктар мен дипломдар табыс етілді. Бұдан бөлек, 500 мың, 700 мың және 1 млн. теңгенің ақшалай сертификаттары берілді.
Рахымжан ЕЛУБАЙ.