Бұрындары тауық пен тышқан керемет дос болған екен. Күндердің күнінде тауық бір уыс бидай тауып алады. Досынан бидайды үгітіп беруін сұрайды.
– Мен үгіте алмаймын, – дейді тышқан.
Амалсыздан бидайды тауық өзі үгітеді. Диірменнен шыққандай ұсақ ұн жасап, одан қамыр илейді. Содан кейін ол тышқанға:
– Енді қамырды күлше етіп пісір, – дейді.
– Өзің-ақ пісіре салшы, ерініп тұрмын, – дейді досы.
Тауық бір табақты толтырып күлше пісіреді де:
– Күлшені кім жейді? – деп әдейі дауыстайды.
– Мен, мен, – деп тышқан жүгіріп келеді.
Сонда тауық:
– Бидай үгітуге де, тәтті күлше әзірлеуге де ешқандай үлес қосқан жоқсың. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, – дейді де тышқанды үйінен қуып шығады.
Содан бері тауықтар тышқанды көрсе, қыт-қыттап, оған жақтырмай қарайды екен.