Алматыдағы Сәбит Мұқановтың әдеби-музей үйіне кіріп барған бетте магнитофонға жазылып алынған әйгілі жазушының майда қоңыр даусы құлаққа шалынған сайын сол бір әсерлі сәттер әп-сәтте көз алдыңа келіп, көңіл күйіңді еріксіз толқытар еді.
Қазақ радиосының редакторы ретінде қадірмен жазушы Сәбит Мұқановпен бір мәселеге байланысты сөйлесуіме тура келді. Оған сол кездегі әдебиет бөлімінің бастығы, марқұм Әнуарбек Дүйсенбиевтің сөзі себеп болған еді.
Редакцияның жұмыс жоспарын жасап жатқанбыз.
– Серік, сенің бір үлкен жұмыс тындыруың керек боп тұр. – Әнекең әдеттегі сабырлылық қалпынан танбай, сөзін салмақтай сөйледі: – Өзіміздің Сәбеңмен сөйлесіп, ол кісінің хаттары туралы хабар жасауың керек. Қазақ жазушыларының ішінде хатты Сәбеңдей қастерлейтін адам кемде-кем шығар. Қалған әңгімеге сол кісімен сөйлесе келе қа нығасың. Кешікпей жұмысқа кірісе бер, – деді.
Үйіне барудың ретін таппай, тығырыққа тіреліп тұрғанымды бірден түсінген Әнекең:
– Қалай сөйлесем деп қам жеме, ол кісі өте қарапайым адам, алдымен телефонмен-ақ тілдесіп ал. Ар жағын Сәбеңнің өзі-ақ жөндей береді…
Қобалжып тұрып, телефон соққаным есімде. Сәл-пәл қарлығыңқы майда қоңыр дауыс:
– Әло, бұл кім екен? – деді.
Сәбең екенін сезе қойдым да, бойымды бірден жинап алдым.
– Сәлеметсіз бе, Сәбе, бұл қазақ радиосынан бір ініңіз еді. Сіздің хаттарыңыз хақында бір хабар жасауға тура келіп, соған байланысты звондап тұрмын…
Әңгімені әбден тыңдап болған Сәбең:
– Иә, айналайын, алдымен амандасып алайын. Хал-күйің тәуір ғой, әйтеуір… Ал енді мыналарың бір оңды нәрсе екен. Шынында да менде хат дегенің бір машина. Былтыр архивке өткізіп едім, сонда сұрыптап шығарғанда, ұзын ырғасы 141 том қылып түптеп қойыпты. Жақында барып көріп қайтып ем, өз көзіме өзім сенбедім. Мұны сендер қайдан білгенсіңдер?..
Қарапайым жұмысшыдан бастап академикке дейін жазысқан хаттарымды бірін қалдырмай сақтай беріппін. Әрқайсысының тарихы – бір-бір роман… Айт десеңдер, айта берем де…
Сонымен біз бір күнге, бір уақытқа уәде байластық та, қош айтыстық.
Қазақ радиосы үйінің алдына арғымақтай көсілген қара «ЗИМ» тоқтай қалды. Сәбеңді есік алдынан көп кісі күтіп алдық. Көзінде сымбатты қара көзілдірік. Әдейі сәндік үшін таққан тәрізді. Қолында сүйріктей қара таяқ, анда-санда тақыр асфальтқа тық-тық тигізіп қояды.
Сәбең жұртпен емен-жарқын жайраңдай сөйлесіп, студияға көңілді кірді. Жұмсақ креслоға жайғасып отырып алғаннан кейін, Сәбең:
– Ал енді кірісе береміз бе? – деді. Сол сәтте арғы жақтан бізге дыбыс жазушы оператор «бастай беруге» белгі беріп те үлгерді. Мен Сәбеңе басымды изедім. Сәбең өзін дастарқан басында отырғандай еркін ұстайды. Кейбір кісілер студияға келіп алғаннан кейін қысылып-қымтырылып, тіпті айтар сөзін айта алмай, абдырап қалады ғой. Сәбеңе мұның бәрі үйреншілікті кәсіп сияқты, кең сілтеп, кең көсіледі.
– Ал, енді, шырағым, – деді Сәбең сөзінің басында, – мен өзім әңгімені бір бастасам болды, біразға дейін бой бермей кетуім мүмкін, тіпті қыза келе мені тоқтатуың да қиын боп қалар.
Сәбең осы сөздерді қалжыңдай күліп айтқанмен, маған шындық секілді көрінді. Соны сезген Сәбең:
– Ал енді сөздерімнің ішінде бытырай жайылған қойдай шашау шыққаны болса, қайтарып, қақпайлап қоярсың, – деп қарлығыңқы даусымен қарқылдай күлді.
Сәбең күлгенде дүние кеңіп кеткендей көрінуші еді. Шіркін, сол ғажайып адамның қасында отырып, сырласқан сәттерді еске алудың өзі бір ғанибет ғой…
Шынында да, Сәбең айтса-айтқандай, қолда бар хаттарын түгел буып-түйіп, архивке өткізсе, тура 141 том болыпты. Қазақ жазушысынан бұрын-соңды мұндай көп хатты көрмеген архив қызметкерлері қатты таңғалыпты және Сәбеңнің осы бір қастерлі іске ұқыптылығына өте-мөте ризалық білдіріпті.
Сол кездегі республикалық архивтің басшысы Мұхтар Жанғалин бұл мысалды ірілі-ұсақты талай жиналыстарда тамсана әңгімелеп, Сәбең тартқан сыйға жұртшылық қуана қол соғыпты.
…Уақыт көлеміне байланысты Сәбеңнің күллі сөзін лентаға түсіре алмадық. Әттең, не керек, ол кезде біз Сәбең сынды халықтың сындарлы жазушысының әр сөзіне зәру боламыз ғой деп ойламаған едік.
Сонда Сәбең айтып еді: «Менде Ғабиттің 40-тан астам хаты бар, соны өзінің мүшел тойларының бірінде ескерткішке сыйға тартам», – деп күлімдеп сөйлеп, көп сыр аңғартқаны бар еді. Бәлкім, ол хаттар Ғабеңнің архивінде сақтаулы шығар…
Мен Сәбеңмен бір ғана мәселе – хатқа қатысты жайды тілге тиек еттім. Соның өзінде де ол кісіден үйреніп, ұғынып, сезіп, біліп, түсінген талай дүниелер жүректе ұялап қалды. Бір сәттің өзінен мәңгілікке айтып жүрер алуан сыр суыртпақталғандай еді. Сол сырды, сол майда қоңыр әсем сазды тағы да тыңдағым келіп, мен ылғи да Сәбең музейіне қарай асығып бара жатамын.
Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.