Тұңғыш Президент күні қарсаңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Дала өркениетінің құдіреті” атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласын талқылауға арналған шарада зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Елбасының мақаласы рухани жаңғыруымыздың жаңа бағыттарын айқындаған құжат екенін, нақты міндеттер жүктейтінін атап айтты. Бұдан соң университет ректоры Серік Өмірбаев еліміздің мәдени-тарихи мұрасының маңызы туралы, білім ошағының ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ақмарал Ыбыраева түркі өркениеті жайында баяндамалар жасады. Ал “Этномәдени зерттеулер” ғылыми орталығының жетекшісі, профессор Зарқын Тайшыбай Ұлы даланың қаһармандары жайлы әңгімелеп, мақаланы жастардың жүрегіне жеткізу мәселесін қозғаса, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова “Архив – 2025” жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыру және оның аясында тарихи құнды деректерді цифрландыру жайын әңгімеледі.
Шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков пен “Ботай” тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Уәлихан Құлбаев Ботай өркениетінің маңызына тоқталса, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев “Дала фольклорының антологиясын” жасау ұсынысын барынша қолдайтынын, театрда ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, кездесуде университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сабыр Ыбыраев пен “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная өз ойларымен бөлісті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.