Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің ғимаратында “Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” және “Мемлекеттік шекара” атты кітаптардың тұсаукесері өтті. Қос еңбекте де бұрын құпия сақталған операциялар жайлы тың деректер келтіріліп, қатардағы жауынгерлер мен офицерлердің ерліктері көрініс тапқан.
Отан тыныштығын күзетіп, қылмыскерлердің лаңкестік қарекетіне тосқауыл болып жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Әрине, бұл мамандардың жұмысы қалың көпшілікке айтыла бермейді. “Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” және “Мемлекеттік шекара” атты жаңа қос кітап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай арнайы құрастырылып, оқырман қауымға жол тартып отыр. Жұртшылық алдыңғы шепте жүрген сарбаздардың ерліктері жайлы құнды ақпараттармен танысып, елімізде орын алған оқиғаларға қанық бола алмақ.
– Егеменді еліміздің тұтастығын сақтап, күні-түні, ыстық пен суықта қызметтік борышын жанқиярлықпен орындап жүргендердің жұмысы қауырт. Десе де, антына адал жедел мамандардың, шекарашылардың ерен еңбегі туралы халық біле бермейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының шешімімен осы жылы бұл қызметкерлердің естеліктерімен бөлісу мақсатында жаңа екі кітап жарыққа шығып отыр. Бұған дейін ел көлемінде өткен операциялар туралы тіс жаруға болмайтын. Енді олардың бірқатарымен кеңінен танысуға болады, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Азат Қаримуллин.
“Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” атты кітапта Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері елімізде орын алған құпия операциялар жайлы естеліктерімен бөліссе, “Мемлекеттік шекара” еңбегінде шекарамызда тіркелген қанды оқиғалар мен контрабандамен күрес жүргізу жұмыстары туралы жазылған.
– Кітаптардағы кейіпкерлеріміздің Отанға қалтқысыз қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Тәжік-ауған шекарасында ерлік көрсеткен 32 азамат “Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін” және 8-і “Шекараны күзеткені үшін” медальдарымен марапатталды. Олардың әрқайсысының ерлігі ұмытылмайды, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық шекара қызметі департаментінің бастығы Тимур Қайырбеков.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті өкілдерінің айтуынша, қарашаның 29-нан бастап, кез келген қазақстандық қос туындыны “Меломан” дүкендер желісінен сатып ала алады. Сондай-ақ оқырмандардың “kitap.kz” интернет-платформасында қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасын жүктеуге мүмкіндіктері бар.
Шара соңында бейбіт заманда ерлік көрсеткен “Бидайық” шекара бөлімшесінің кинологы Сергей Гайдай ведомстволық наградамен және тәжік-ауған шекарасында ерлік көрсеткендер Жанат Олжабай мен Арман Садуов “Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін” медалімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың Алғыс хатымен марапатталды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.