«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРАН ТӨРДЕ ҚҰР ТҰРМАСЫН…

Құран жүрекпен қабылданатын кітап. Онымен байланыста болу – ең абзал ғибадаттардың бірі әрі Аллаға жақындаудың бір жолы. Бұл кітаптың әрбір әрпінде он жақсылық бар. Алла тағала Құран мазмұнына бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі, тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген.

Соңғы кездері діни мерекелерде қасиетті Құран кітабын сыйға беру үрдісі белең алып келеді. Бұл да дінге бет бұрушылардың қатарын көбейтудің бір амалы шығар. Бірақ қастерлі дүниенің ертеңгі күні біреудің төрінде беті ашылмай, бекерге жатпасына кім кепіл?!

Алланың сөзін оқуды, оқытуды мешіттегі имаммолдаларға, не болмаса, зейнетке шыққаннан кейін ғана зейіні ауған қарияларға тән дүние тәрізді көреміз. Ал ақиқатында, бүгінде өзіміз есімдерін ұлықтап, асылдарымыз бен арыстарымыздың қатарына қосатын қазақ зиялыларының бәрі дерлік молданың алдынан сауат ашып, жастайынан Құран, намаз оқып үйренген. Құнанбайды анасы дәретсіз емізген емес. Ал тектіден туған Абай атамыздың діни сауаты, Алла сөзіне деген құрметі өз алдына бір төбе. Абайтану ғылымын шыңына жеткізіп зерттеген Мұхтар ағамыз өз қолымен жазған естелігінде балалық кезін, алғаш хат таныған сәттерін былай деп еске алады: “Балалық шағым ауылда өтті. Немерелерін атамыз Әуездің өзі оқытатын. Бес-алты жасар кезім. Бір күні кешкісін ас алдында атам мені қасына шақырып алды. Оқуға жараған-жарамаға­нымды сынамақ екен, “р” дыбысы бар сөздерді айтқыза бастады. Бұл дыбысқа тілің келмей тұрып, қара танимын дегенді ойыңа да алмайсың… Өйткені, ең алғашқы сабақ Құранның “Бісмилләһи рахманир рахим” деген сөздерін жаттаудан басталады…”

Әр істің берекелі болуы үшін оны “бісмілләдан” бастау керектігін балаға да үйреткен! Ал қазір ше? Кей ата-әжелер кішкентай баланың тілі тезірек шықсын деп оларға түрлі балағат сөздерді үйретіп жатады. Мұнысына қарап, “Бісмілләсін” үйретсе, әріпті тани алмай қала ма екен деп ойлап қаласың.

“Әкемнен “Әліп-биді” үйде оқыдым.

Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым.

Әлі молда алдында дәл екі жыл

Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым”, – деп он үш жасынан өлең жазған Сұлтанмахмұттың да отызға толмаған келте ғұмыры Құрансыз өтпеген. Әкесі Рысқұлмен бірге абақтыда болып, тоғыз жасынан “түрме баласы” атанған бала Тұрар да мұсылмандықты ғана мойындаған.

Ең бастысы, қазақтың жасы да, жасамысы да Құранды құрметтегені анық. Құранды құр іліп қана қоймай, үлкеніміз ұғынып оқысақ, балаға, ең болмаса, “Фатихасын” қайыруды үйретсек екен…

Қаратай БАҚАЕВ,

“Мұқсин” мешітінің имамы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp