«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРБАН АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Құрбан айт – ежелден бері халқымыздың бірлігін нығайтқан, жақсылық, жанашырлық және мейірімділік сияқты ең жоғары адамгершілік құндылықтарын асқақтатқан діни мереке. Бұл күні үлкенді-кішіміз болып жақсы киініп, баршаға жылы шырай танытып, ата-аналарымыздың, жасы үлкен қарияларымыздың және сырқат жандардың хал-жайын білеміз, өмірден өткен туған-туысқандарымызға мінажат етеміз. Қасиетті Құрбан айт ертеңгілік айт намазынан басталады. Осы ең үлкен мінажат ету міндетіне “Қызылжар” орталық мешітіне жиналғандар биыл да өте көп болды. Ғибадатхананың ішіне лық толы халық намазхананың кең залына сыймағандықтан, бірінші қабатта да жайнамаз жайып, намазға тұрды.

Орталық мешітке облыс әкімі Ерік Сұлтанов келіп, намазға жиналған жұртшылықты ең ұлық мереке – Құрбан айтпен құттықтап, игі тілегін білдірді. Одан кейін өңір басшысы жұртшылықпен бірге Құрбан айт намазына қатысты.

Намаздан кейін облыс әкімі мешіт ауласында құрбан шалды, сосын ғибадатхананың алқа мүшелерімен кездесу өткізіп, мешіттің жұмысымен жақынырақ танысты.

Айттың бірінші күні түске таман Петропавл және Булаев епархиясының протоиерейі Сергий бастаған қаладағы өзге діндердің өкілдері “Қызылжар” орталық мешітінде болып, өңірдің барша мұсылман қауымын Құрбан айтымен құттықтаған игі лебіздерін білдірді және мешіт кітапханасына өздерінің діни кітаптарын сыйлады.

Мешітке күні бойы толастамай ағылған қала жұртшылығы аруақтарға Құран оқытып, садақа берді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp