Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде күні басталып, үш күнге созылады. Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Брифингте баяндама жасаған “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көпшіліктің өтініші бойынша ұлық мереке қарсаңында биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алғанын жеткізді. Айтуынша, құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан екен. Пандемияға байланысты біздің елімізде қашықтан құрбан шалу үшін “Qurban2020.kz” сайты іске қосылды. Аталмыш сайт арқылы құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады.
– Бұл сайт карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қашықтан құрбандық шалу кезінде әдеттегідей малды таңдау, қасапшының қасында тұру деген болмайды. Бұған дейін құрбан шалған адамдар етті мұқтаж жандарға таратып, ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айт дастарқанын жаятын. Биыл пандемия жағдайына байланысты сойған малдың етін түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үстестіруді жоспарлап отырмыз, – деді Кенжетай Байкемелұлы. Қолдауға зәру отбасылардан өтініш қабылданады, ал оларға етті таратумен еріктілер айналыспақ.
Ізгі іс жасауға ниетті азаматтар құрбандыққа шалынатын малды көруге өтініш білдірсе, мешіт қызметкерлері фото, бейне түрінде хабарлама жібермек. Баспасөз мәлихаты барысында Кенжетай Байкемелұлы онлайн құрбандық шалу кезінде имамдардың жұмысы делдалдықпен айналысу емес, мұқтаж жандарға қолдау көрсету екенін жеткізіп, мүмкіндігі бар әр адамды сауапты іске атсалысуға шақырды. Өңірде құрбан шалуға арнайы орын ашылған. Діни рәсім карантин талаптарына сәйкес жергілікті әкімдік пен санитарлық мамандардың рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен орындалады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.