«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС — ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА

Петропавл қаласында “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында бірқатар нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Бұл жайында облыстық мәслихаттағы “Нұр Отан” партиясы депутаттық фракциясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және нығайту, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында әңгіме өрбіді.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловтың айтуынша, үстіміздегі жылы өңірде “Нұрлы Жол” бағдарламасының жүзеге асырылуына 14 миллиард 844 миллион теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 520 миллион теңге қарастырылған.

Ұлттық қор есебінен бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізген “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған комиссиялар бюджеттік қаражаттың толығымен игерілгеніне көз жеткізді.

– Үстіміздегі оқу жылында облысымызда үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Аталмыш білім мекемелері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылында, Тайынша ауданындағы Тайынша қаласында және Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында іске қосылды. Құрылыс барысында 560 адам жұмыспен қамтылды, – деді әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы бағыты бойынша комиссияның жетекшісі Ғафура Бөстекова.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың шілде айында облыс орталығында “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында салынған жаңа балабақша өз есігін бүлдіршіндерге айқара ашты. Оның құрылысына мемлекет қазынасынан 713 миллион теңге бөлінген болатын.

Алдағы уақытта тағы да екі балабақша салу жоспарланған. Облыстық әкімдік Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне екі балабақшаның құрылысы бойынша бюджеттік өтінім жіберген болатын. Өтінім мақұлданса, облыс орталығындағы “Береке” шағынауданы мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылының тұрғындары қуанышқа бөленбек. 1,5 миллиард теңге инвестициялық қаржы тартылатын балабақшалар 560 тәрбиеленушіге арналған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp