Облыстық кәсіпкерлер палатасында тасқыннан зардап шеккендерге үй салған кәсіпкерлердің өздеріне тиесілі қаржысын ала алмай жүргені жайлы айтылған еді. Мәселе көтерілгеннен кейін палата заңгерлері прокурорлармен бірігіп, туындаған жағдайды шешуге кірісті. Нәтижесінде кәсіпкерлерге толық төлем жасалды.
Облыс орталығында бой көтерген «Бірлік» шағынауданындағы үйлердің өткен жылғы қазанда қолданысқа берілгеніне қарамастан баспаналарды салумен айналысқан кей серіктестіктерге қаржының аз ғана бөлігі төленген. «Qyzyljar Asar» қоры бірнеше ай бойы тиісті төлемдерді кешіктіріп келді. Қордың қарызы 400 млн. теңгеден асқан. Басқосуға қатысқан қор өкілі Қанат Омаров кәсіпкердердің құжаттары толық болмағандықтан демеуші тарап қаржыны кешіктіріп жатқанын айтты. Ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серікжан Шитканов құжаттар былтыр түгелдей қорға тапсырылғанын жеткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша құрылысшылар жетіспеген құжаттарын түгендеп, ал қор өкілдері бір аптада төлем жасайтын болып тарқасқан еді. Аталған келісім орындалып ақпанның басында қор бизнестің алдындағы қаржылық міндеттемесінен толық құтылды. Аталған жағдайдың сотқа жетпей кәсіпкерлер кеңесінде оң шешімін тапқаны қуантады.
– Қор 15 мердігер ұйымға 421 млн. теңге төлем жасады. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға үй салуға қатысқан барлық кәсіпкерлердің атынан алғысымды білдіремін, – дейді «Ash stroy» серіктестігінің директоры Әміржан Шакей.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».