«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰС СҮТІНЕН БАСҚАНЫҢ БӘРІ БАР

Астана қаласында еліміздің барлық өңірлерінің ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу, сол арқылы отандық өнімдердің сапасын және бәсеке­ге қабілеттілігін арттыру үрдісі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Арнайы жасалған кестеге сәйкес өңірлер биыл да астаналықтарды өздерінің нарық ба­ғасына қарағанда арзан әрі сапалы өнімдерімен қуан­туда. Биылғы жәрмеңкелер тамыз айының соңында басталып, Республика күні өз мәресіне жетпек.

18-19 қазан күндері Солтүстік Қа­зақстан мен Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілері Астанадағы «Қазанат» ип­подромы аумағында орналасқан «Елорда» базарының сөрелерінде өз өнім­дерін саудалады. Шараға өңір басшы­сы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. «Жәрмеңкеде өңірдің жүзден астам кәсіпорны астаналық­тарға 800 тоннадан астам өнім ұсынды. Біз сөрелерге сапалы және экология­лық таза тауарлардың көптеп қойылғанына баса назар аудардық. Ет, консервілер, кондитерлік өнімдер, жұ­мыртқа, сүт өнімдерін ерекше ықылас­пен сатып алып жатқандар көп. Бар­лық өнімдердің бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен», – деді облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов.

Топырағы құнарлы Қызылжар өңірінде өсірілген өнімдер экология­лық жағынан таза болғандықтан аста­налықтар тарапынан ерекше сұра­нысқа ие. Сөмкелерін арзан ет, бал­дай қаймаққа толтырған елордалық­тардың жүздері жарқын. Біз аралап көрген сөрелердің біразында ұзын-сонар кезек болды.

Қызылжар, Есіл, Мамлют, Жам­был, Мағжан Жұмабаев, Тайынша ау­дандарынан келген шаруалар жылқы етін 3000-3400, қой етін 3000, тауық етін 1000-1300 теңгеден саудалап жат­ты. Қолдың сарымайының 1 келісі 4500 теңгеге сатылды. «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің, «Бу­лаев май зауытының» өнімдері лезде сатылып кетті. Картопты, қызанақты, қырыққабатты қабымен сатып алып жатқандар көп.

Астаналықтар жерлестеріміз әкел­ген тәтті тағамдарға да қызығушылық танытты. «Vizavi» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі жәрмеңкеге бір тонна­ға жуық өнім жеткізіпті. «Кәсіпорын өнімдері бірнеше жылдан бері Астана қаласындағы көптеген дүкенде саудала­нып келеді. Жәрмеңкеге кептірілген өрік, мак, лимон, қара мейіз және басқа да табиғи қоспалардан пісірілген то­қаштарымызды алып келдік», – дейді кәсіпорын өкілі Вера Сколова.

Астана қаласының тұрғындары мен меймандары жәрмеңке күндері Қы­зылжар және Кереку өңірлерінің та­нымал өнер ұжымдары мен белгілі әншілері әзірлеген концерттік бағдар­ламаны тамашалады. Аспанда әуеле­ген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің биі жәрмеңкеге келушілер­ге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp