Құсбегілік – қазақ даласында бағзы замандарда қалыптасқан өнер түрі. Ата-бабамыз қыран құсты “көк тәңірі”, “аспан еркесі” деп дәріптеген. Бүгіндері елімізде төл өнерді ұмыт қалдырмай, жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Құсбегілікті ұлттық спорттың бір түрі ретінде дамыту қолға алынды. Алайда, бекзат өнер Қызылжар өңірінде кенже қалғаны жасырын емес. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар облысымызда тек жалғыз құсбегі бар. Есімі – Ақылбек Қалиев.
Айтар сөздің әлқиссасын саятшылыққа қарай бұрсақ, бұл кәсіп басында азық табу үшін пайдаланылса керек. Бірте-бірте ата-бабаларымыз оны өнерге ұластырып, биік дәрежеге жеткізген. Тектілігі мен тегеуріні мықты бүркітті баласындай баулып, алақанында ұстаған. Сән-салтанат кезінде жұртқа көрсетіп, бабына келгенде дала тағысына салған. Сол игі дәстүрді жалғастырып келе жатқан бүркітші Ақылбек Қалиев Ақжар ауданындағы Дәуіт ауылында тұрады. Соңғы бес жылдан бері өңірімізде аталмыш өнерді жаңғыртуға өзіндік үлесін қосуда.
– Мен жастайымнан құсбегілік өнерге қызығып өстім. Төл өнерге бүйрек бұруыма Ақмола облысында тұратын Абылай Ізбасов деген ағам түрткі болды. Тәжірибелі құсбегі елімізде өтетін құсбегілердің жарысынан қалыс қалып көрген емес. Елімізде ұлттық өнерді жаңғыртуға өзіндік үлесін қосып жүрген туысқанымның үйінде талай рет қонақ болдым. Сол кезде құсбегілікке деген қызығушылығым оянды. Ағамның жанында жүріп, біраз дүниеге қанықтым. Сол кезде құсбегілік менің өмірім екенін түсіндім, – дейді.
Оюлы бешпентінің белін бекем буынып, балдағына ағасының сыйлаған бүркітін қондырып, аңға шыққан Ақылбекті көргенде ауыл тұрғындары бастапқыда аңтарылып қалған екен. Уақыт өте келе олардың көздері үйренді. Әлбетте, Ақылбек мұның біріне де назар аудармайды. Оған өзінің сүйікті ісімен айналысқаны әлдеқайда маңызды. Інісі Ақан да ағасына құс баптауға көмектеседі. Ағайындылар бірнеше жылдан бері еліміздің әр өңірінде өтетін құсбегілер сайысына қатысып жүр. Соңғы уақытта Петропавлдағы бизнес-инновация лицейінде білім алып жүрген 14 жастағы ұлы да төл өнерді меңгеруге ниет танытуда.
Қазір құсбегі екі бүркіт баптап отыр. Ұстазы сыйлаған “Найзағай” есімді қыран сегіз жаста. Екіншісі жастау. Құсбегінің айтуынша, бүркітті баптаудың өзіндік мəні бар. Қолға үйретілген құс қыстың саршұнақ аязына төзімсіздеу келеді. Ауырып қалған кезде оны дұрыс емдей білу керек. Ақылбектің айтуынша, бүркіт баптау – өте қиын шаруа. Қолға түсірген дала тағысын үйрету үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Ал бүркітті аңға салып үйретудің машақаты одан да көп.
– Құсбегі, ең алдымен, жақсы психолог болуы керек. Яғни, құстың мінез-құлқынан, әрекет-дағдысынан хабары болғаны жөн. Сонымен қатар қажырлылық пен еңбекқорлық, сезімталдық қасиет те қажет. Жаз – бүркіттердің түлейтін кезі. Сол кезде бүркіт жас ет жеуі керек, – дейді бүркітші.
Құсбегінің алғашқы қар жауған күнгі сонардан қанжығасын қандамай қайтқан күні жоқ. Бүркіт – өте тегеурінді құс. Томағасы сыпырылған бүркіт қашып бара жатқан аңды бір аяғымен бүріп, екіншісімен жотасынан тартып, омыртқасын үзеді. Оны қоян, түлкіден басқа, қасқырға да салуға болады. Бірақ құсбегілік екінің біріне ермек емес екенін ұмытпауымыз керек. Оның қасиеті ерен, киесі бөлек. Ақылыңа айлаң сай болмаса, құс саламын деу бос сөз. Сондықтан құстың тілін тауып, дұрыс баулуға тырысу қажет. Әйтпегенде бүркіттің шаңқылы қарғаның қаңқылына айналуы мүмкін.
Облысымыздағы жалғыз құсбегі бір кездерде қалың жұртты қайран қалдырып, талайлардың таңдайын қақтырған осынау өнердің біртіндеп жоғалып бара жатқанына қынжылады. Бүркітші алдағы уақытта Петропавлда құсбегілік бойынша бөлім ашылса, өңірімізде төл өнердің дами түсетініне сенімді. Қазір ол барлық жарыстарға өз қаражатын жұмсап баруға мәжбүр. Себебі, қаржылық қолдау жоқ.
– Өңірімізде құсбегілікті дамытатын болсақ, шетелдік туристерді де тартуға болар еді. Еліміздің мемлекеттік рәмізінде де осы қыранның бейнесі бар емес пе?! Төл өнерді дамыту үшін ол спорт түрі болып бекітілді. Бұл да қолдаудың бір түрі. Еліміздегі саятшылық өнерді, әлемдік деңгейде дәріптейтін жағдайымыз бар, – дейді Ақылбек Қалиев.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.