«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТЫРМА КӨБЕЙЕТІН КЕЗЕҢ

Құтырма ауруын жұқтыру бұрынғысынша елімізде ғана емес, әлем бойынша шешімін таппаған проблемалардың бірі болып қалуда. Жыл сайын тұрғындардың арасында ет қоректілерден құтырма ауруын жұқтырып, көз жұматындар саны азаймай отыр. Біздің облысымыз да аурудың ошағы ретінде танылуда. 2013 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев және Шал ақын аудандарында құтырмаға шалдыққан аңдардан ауру жұқтырған үй жануарлары тіркелді. Ал былтыр Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка ауылында ұсталған аңның да ауру екені сараптамадан кейін белгілі болды. Биыл әзірше ауру көрсеткіші байқалмайды, бірақ құтырма күз, қыс мезгілдерінде белең алатынын естен шығармағанымыз жөн.

Құтырма жүйке жүйелерін зақымдап, оның соңы қайғылы аяқталады. Құтырған жануар тістеген, тырнаған кезде сілекейі арқылы вирус жұғады. Жануардың сілекейі тиген заттарды ұстаған кезде және көз, ауыз, мұрын қуыстарына вирустың түсуі мүмкін.  

Аурудың жануарлардағы негізгі белгілері: судан қорқу, сілекейдің көп мөлшерде бөлінуі, ызалану, сал болып қалу. Иттер аурудың алғашқы күндері иесінің шақырғанын елемейді, тамақтан бас тартып, тығылуға тырысады, үйден қашып кетулері мүмкін. Келе-келе ызаланып, адамдарға тарпа бас салады, су іше алмай, үрген кезде дауысы сырылдап шығады.

Мысықтарда құтыру көбінесе кенеттен басталады. Олар аурудың бірінші күнінен бастап адамдарға шабуыл жасайды.

Ауру түлкілер көбіне адамдар тұратын жерлерді айналшықтап, еш қиындықсыз қолға түседі.

Құтырма ауруының тыныш формасы сирек кездеседі. Аурудың бұл формасында вирус жұқтырған жануар тыныс алу жолдарының сал болып қалуы және жүрек жұмысының тоқтау себебінен өледі.

Құтырма ауруына шалдыққан жануарлар елді мекендерде пайда болса, оларды үй жануарларына және адамдарға жақындатпауға тырысу керек. Бірінші кезекте вирустың таралуына жол бермеу үшін жергілікті жерде тұратын ветеринар маманға хабар беру қажет.

Құтырманың алдын алу үшін ит, мысық ұстайтындар, оларды тіркетіп, серуенге шыққанда тұмылдырық кигізіп, жайшылықта байлауда ұстаулары керек. Міндетті түрде жыл сайын екпе жасату керек.

Ал тұрғындар иттер немесе жабайы жануарлар жарақаттаған жағдайда сабынды су ерітіндісімен жараны жуып, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Жарақат алған адамдарға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, құтырма ауруына қарсы вакцина егіледі. Дер кезінде жасалған егу қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан да араға уақыт салмай, ақ халаттылардың көмегіне жүгінген жөн. Құтырма аса қауіпті ауру екенін есте ұстағанымыз абзал.

Александр МЕЛЬНИЧЕНКО,

облыстық тұтынушылар құқығын қорғау

жөніндегі департаменттің бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp