Елімізде төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнама жүргізіледі. Бұл туралы «Ұлттық кітап күніне» орай ұйымдастырылған халықаралық жәрмеңкеде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді. Оның айтуынша, бастаманың мақсаты – оқырмандар арасында әдеби шығармаларды тереңірек түсініп, талқылау дәстүрін қалыптастыру.
– Ұлттық құрылтайға мүше депутаттар елімізде жаңа бастаманы қолға алуда. Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақстандық авторлардың еңбектерін насихаттау. Көптеген дамыған елдерде осындай тамаша дәстүр қалыптасқан. Мәселен Ұлыбритания мен Франция сияқты елдерде әдеби шығармалардың сараптамалық сауалнамалары жасалып, үздік туындылардың тізімі жарияланып отырады. Біз де халқымыздың әдеби мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында жалпыұлттық сауалнама жүргізу туралы шешім қабылдадық, – деді Ерлан Қарин.
Жұртшылықты бұл бастамаға қызықтыру мақсатында жоба серіктестері сауалнама қатысушыларына ынталандыру сыйлықтарын ұсынады. Сауалнама 3 айға созылып, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланады. Ал жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.
Қазақстандықтар «eGov.kz» порталы арқылы жазушының аты-жөні мен өзі ұнататын шығармасын жазып, дауыс бере алады. Одан бөлек еліміздің барлық қаласында дауыс беруге арналған QR-код бейнеленген баннерлер ілінеді. Сауалнамаға қатысушылардың 10 кітапқа дейін таңдау жасауға мүмкіндігі бар. Іріктелген «100 кітап» – ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға және қазақ әдебиетінің рөлін күшейтуге септігін тигізеді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».