«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙ ҮШІН УАЙЫМ ЖЕГЕНДЕР

Петропавлдағы Оқушылар сара­йында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, оның орынбасарлары, шаһар басшысы, жергілікті департаменттер мен басқармалардың жетекшілері қатысып, тұрғындардың сұрақта­рына жауап берді.

Өңір басшысының қабылдауына келген­дердің бірі – Қызылжар ауданының тұрғыны Татьяна Климашенко. Тұрғынды өзі тұратын ауылдағы бөгет құрылысы алаңдатып отыр. Прибрежное ауылының тұрғындары бөгет құ­рылысы кешеуілдесе, көктемде үйлер су ас­тында қала ма деп қорқады.

– Мен Дербес көшесінде тұра­мын. Қыркүйек айында бізге үйіміз бұзылатыны туралы хабар­лама келді. Бағалаушы келіп, бас­панаға төмен баға белгіледі. Оны­мен келіспей аудан әкіміне бар­дық. Ол үйіміз бұзылмайтынын, жанына бөгет салынатынын жеткізді. Алайда Дербес көшесінің маңына салынады деген бөгеттің құрылысы әлі басталған жоқ, – дейді Татьяна Климашенко.

Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті билік аталған үйлердің тұр­ғындарын көшірудің орнына, кө­шені айнала бөгет салу туралы шешім қабылдағандарын айтты. Оған қажетті қаражат облыс бюд­жетінен бөлінген. Басқа аумақ­тардағы бөгеттер салынып болған соң Прибрежное ауылындағы жұ­мыстар басталады. Құрылыс қыс­та да жүргізіліп, көктемге дейін аяқталады деп жоспарланған. Оған қоса ауылға апаратын жолға көпір салу жұмыстары да жыл ая­ғына дейін қолға алынбақ.

Облыс орталығындағы Қайсар Таштитов көшесінде тұратын На­дежда Алферова өз үйінің апатты жағдайда екеніне алаңдаулы. Үш жыл бұрын оның үйінің қасынан жылу желісін тартып, жолдың бәрін қазып тастаған. Кәріз құ­бырлары мен суағар тартқанда да тұрғынның үйінің маңын ретке келтірген ешкім болмапты. Со­ның салдарынан көктем мен жазда жаңбыр жауса, судың бәрі үйге қа­рай ағады. Жалғыз тұратын әйел баспана қабырғасының сылағы түсіп, тозып бара жатқанына алаң­даулы.

– Инженерлік коммуникация­лар тартуда олқылықтар орын алса, оны мердігер реттеуі қажет. Үй сізге тиесілі жер телімінде орналасқан­дықтан оған иесі жауапты. Алайда бұл кемшілікті түзетуге мүмкіндігіңіз жоқ екенін көріп отырмыз. Жергілікті билік жеке иеліктегі жер­де жұмыстар жүргізуге қаржы бөле алмайды. Бірақ сізге көмектесудің жолдарын қарастыру керек. Барлығын тексеріп, мердігерден қате кет­се, қалпына келтіруге міндеттейміз. Көшеге инертті материал төгу қа­жеттігі туралы да айтылды. Оны да көпке сөзбай орындаймыз, – деді облыс әкімі.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp