Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бастаған солтүстікқазақстандық делегацияның Түмен облысына ресми сапары Антипин мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысудан басталды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған зауытқа жұмсалған инвестиция көлемі 143 миллиард рубльді құраған. “Бентек” жауапкершілігі шектеулі қоғамы мұнай-газ қондырғыларын жасаумен айналысады.
Делегация Түмен қаласындағы нан-тоқаш комбинатында да болды. Тәулігіне 38 тонна өнім шығаратын кәсіпорын 2019 жылға қарай өндіріс қуатын 100 тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.
Түмендіктер солтүстікқазақстандық меймандарға тақтай зауытын көрсетті. Онда жұмыс істейтін 645 адамның 90 пайызы ескі кәсіпорынды кеңейту және жаңғыртудың арқасында екі қолға бір күрек тапқан. Ал жылсайынғы өндіріс көлемі 90 мың шаршы метрді құрайды.
Солтүстікқазақстандық делегация Түмен облысының губернаторы Владимир Якушевпен кездесті. Күн тәртібінде өңіраралық ынтымақтастық мәселесі қаралды. Владимир Якушев тұрақты байланыстың маңызына тоқтала келе, Ерік Сұлтанов бастаған делегацияның сапарына ризашылығын білдірді.
Тараптар шағын және орта бизнес саласында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Ал экономиканың әлеуетін дамытудың басты факторы және тиімді құралы – ол инвесторларды тарту. Ерік Хамзаұлы Солтүстік Қазақстанның экономикасына қаржы салудың тиімді тұстарын айтып, түмендік кәсіпкерлерді түрлі саланы инвестициялауға шақырды. Бүгінде мемлекеттік қолдау Қазақстанда бизнесті ашуға қолайлы жағдайлар туғызып отыр. Ол үшін Қызылжар өңірінің табиғи ресурстары да, өндірістік қуаттары да жеткілікті.
Кездесу барысында тараптар әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан, ынтымақтастықты жаңа салалар бойынша жалғастыру қажеттігін атап өтті. Облыс басшылары уағдаластықты меморандумға қол қоюмен бекітті. Солтүстікқазақстандықтар мен түмендіктер арасында бірнеше келісім жасалды. Енді көршілес облыстар өңіраралық ынтымақтастық аясын кеңейте түспек.
“Ынтымақтастығымыз туралы айтар болсақ, ағаш өңдеу бағыты бойынша біздің де, көршілеріміздің де қызығушылығы бар. Сондай-ақ, көптен бері бірлесе қызмет етіп келе жатқан бағыт – машина жасау саласы. Мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру салаларында да өзара қарым-қатынасымыз берік”, – деді Түмен облысының губернаторы.
Көрші өңірдің медициналық қалашығы жерлестеріміздің назарынан тыс қалмады. Оның аумағында бірегей емдеу мекемелері: облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық корпусы және нейрохирургия орталығы орналасқан. Жүйке жүйесі ауруларын емдейтін медициналық мекеме 2010 жылы ашылған. Солтүстікқазақстандықтарды ресейлік әріптестерінің тәжірибе алмасу жөніндегі ұсыныстары бейжай қалдырмады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Түмен облысының негізгі сыртқы сауда әріптестерінің қатарында. 2013 жылы өзара тауар айналымы 132,51 миллион АҚШ долларын құраған.
Жұмыс сапарының келесі күні Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимыл, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мәселелері жөніндегі “дөңгелек үстел” жиынына қатысты.
Түмен облысы бүгінде Ресейдегі бизнес жүргізуге ең қолайлы өңір болып саналады. “Дөңгелек үстелді” ашқан Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин осындай ойын жеткізді. Жиынға қатысқан 26 мемлекеттің өкілдері өзара ақпарат алмасып, кәсіпкерлік бастамаларды қалыптастыру және ынталандыру туралы сөз қозғады, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов инвесторларды қолдаудың қазақстандық тәжірибесі жайында баяндады.
– Республикада мемлекеттік қолдаудың ондаған шарасы бар. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында несиелік мөлшерлеме 7 пайызға дейін демеуқаржыландырылады. “Өндіріс – 2020” бағдарламасы аясында инвесторлар 6 пайыздық несиені 10 жыл мерзімге дейін ала алады. Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалған. Біз әрбір инвестормен жұмыс істейміз. Олар біздің облысқа қызығушылығын “Kyzylzhar invest” инвестициялық форумында танытты, – деді Ерік Хамзаұлы.
Әлемдік дағдарыс жағдайында бизнесті қолдау мәселесі Түмен драмалық театрында жан-жақты талқыланды. Мұнда “Инвестиция. Индустрияландыру. Өңірлер. Ұшқырлық қисыны” II инвестициялық форумы өтті. Бизнес-қауымдастықтардың, несиелік ұйымдардың, билік институттарының өкілдері, халықаралық талдаушылар мен сарапшылар бас қосқан форумға әлемнің түрлі елдерінен барлығы 700-ден астам адам қатысты.
“Опора России” қоғамдық ұйымының президенті Александр Калинин өз сөзінде Қазақстанның тәжірибесін мысалға келтірді. Соның ішінде инвесторлар құйған қаржының бір бөлігінмемлекеттік қазынадан қайтару мәселесін сөз етті. Ресейліктер мұндай бастаманы келешекте өздерінде енгізгісі келетіндерін жеткізді.
Пленарлық отырыста Ресей Ғылым академиясының экономика институтының директоры, Мемлекеттік Думаның төрағасы және ондағы сараптау кеңесінің мүшелері, Сколково Мәскеу басқару мектебінің ректоры, Түмен облысының губернаторы сөз сөйлеп, мұндай сараптау алаңдарының маңызына тоқталып, пікірлерімен бөлісті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.