
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыстық Балалардың құқығын қорғау басқармасы отырыс өткізді. Оған “Отбасы ошағы – Семейный очаг” көпбалалы аналар, “Мейірімділік әлемі – Мир добра” бала асырап алған ата-аналар клубы және әкелер мектебінің мүшелері қатысты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кездесу барысында отбасында орын алатын түрлі маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен клуб мүшелеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік, медициналық, психологиялық, материалдық және басқа да маңызды көмек түрлері жайында сөз қозғалды. Әрбір сала бойынша туындаған сұраққа арнайы келген психолог, адвокат және басқа да мамандар жауап берді. Жиынға келгендердің көбі әлеуметтік көмектің түрлері, балаларға арналған жәрдемақыны тағайындауға құжат жинаудың тәртібі, оны тапсырудың уақыты және осы салаға енгізілген бірқатар өзгерістер туралы да сұрастырды. Осы төңіректе туындаған сұрақтарға Петропавл қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Күлбаршын Әубәкірова жауап берді.
Көпбалалы аналар атынан сөз алған “Қызылжар аналары” көпбалалы аналар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, “Отбасы ошағы – Семейный очаг” клубының мүшесі Галина Сапко басты мәселе – баспана жайында айта келе, көпбалалы, асыраушысынан айрылған, аз қамтылған отбасыларға, мүгедек жандарға көмек көрсететін әлеуметтік дүкеннің қаншалықты маңызды екендігін тілге тиек етті. Өз сөзінде Галина Сапко осындай дүкендер саны алдағы уақытта көбейтілсе деген аналардың бұйымтайын да жеткізді.
Бұл күні отырысқа әйел аналармен қатар, кәмелеттік жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер де қатысты. Бүгінде жиырмадан астам жалғызбасты әкенің басын біріктірген клуб әзірше Қазақстан бойынша біреу ғана екен. Бала тәрбиесімен қатар, үй шаруасын да бір адамдай қатар алып жүрген ерлер де сұрақ-жауапқа қатысып, өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Аталмыш клубтың мүшесі Руслан Нұрахметов – қызын жалғыз тәрбиелеп отырған қамқор әке. Ол осы клубқа келгелі қыруар шаруа тындырған екен.
– Біздің қоғамда бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке деген түсінікке әлі көпшілік үйренген жоқ сияқты. Әрине, балаға бәрінен де анасы жақын ғой, оған таласымыз жоқ. Бірақ өмірде түрлі жағдайлар кездеседі емес пе? Сондықтан да аналар ғана емес, біз де баламызға жақсылық ойлап, оған пана болып, дер кезінде қолдау көрсете алатындығымызды дәлелдегіміз келеді. Мен осы клубқа келгелі өзімдей әкелермен әңгімелесіп, біраз психологиялық қолдау таптым. Клуб мүшелері маған жұмыс тауып беруге көмектесті. Міне, осылайша бір-бірімізді қолдап, балаларымыздың болашағы үшін қолдан келгенше еңбек етіп жүрміз, – дейді ол.
Үш клуб мүшелерінің басын біріктіріп, ортақ мәселе жайында әңгіме өрбіткен отырысты облыстық Балалардың құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елена Мезева қорытындылап, аналарға арнайы сыйлық сыйлап, мерекемен құттықтады.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.