Петропавлдағы Достық үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен “Тіл – тұнық ойдың кәусары” деген тақырыпта олимпиада өтті.
Облысымыздың 18 бен 25 жас аралығындағы кез келген азаматы қатыса алатын аталмыш білім додасында аудандар мен Петропавл қаласынан 12 талапкер бақ сынады. Олимпиаданың негізгі мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, олардың патриоттық сезімін нығайтып, өзге халықтардың мәдениеті мен тілдерін құрметтеуге үйрету.
Білімділік пен біліктілікті, шапшаңдық пен тапқырлықты сарапқа салған сайысқа қатысушылар алғашқы кезеңде ұсынылған арнайы тақырыптардың мазмұнын үш тілде баяндаса, екінші кезеңде эссе жазып, ал соңғы бөлімде берілген мәтінге ілеспе аударма жасаудан сынға түсті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ағылшын тілі мамандығының үшінші курс студенті, айыртаулық Райхан Мұқанова бірінші орынды еншілесе, екінші және үшінші орындарды Петропавл құрылыс және экономика колледжінің екінші курс студенті Алина Сербаева мен Явленка орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мәдина Ебекеева иеленді.
Өңірімізде биыл алғаш рет өткізілген олимпиада жеңімпазы енді жыл соңында болатын республикалық байқауда күш сынайды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.