Зымырандай зулаған уақытқа көз ілеспейді. Кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттаған кішкентай бүлдіршіндер – бүгін талаптары таудай бозбала мен бойжеткен. Үстіміздегі оқу жылында он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған 3684 солтүстікқазақстандық өрен алтын ұя – мектебімен қоштасты. Ата-ана – асқақ арман жетелеген ұл-қызын, ұстаз он бір жыл баптаған шәкіртін маусымның 3-і мен 8-і аралығында өткен білім бәйгесіне қосты. Бақ пен бап шапқан бұл додаға облыстың 2352 түлегі қатысты. Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында үлкен өмірге қанат қаққалы отырған қарлығаштардың білім көрсеткіштерін біз де жіті бақыладық. Сонымен, ҰБТ аяқталды: нәтиже қандай?
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша білім бақылау департаменті мамандарының деректеріне қарағанда, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің облыс бойынша орташа көрсеткіші 78,8 балды құраған. Бұл өткен жылғыдан (77,9) сәл жоғары. Әдеттегідей ең жоғары орташа көрсеткіш (88,4) облыстық дарынды балаларға мамандандырылған білім мекемелерінің еншісінде. Ал жалпы білім беретін мектептер арасында Уәлиханов ауданының (86,7) көрсеткіші көш ілгері. Сондай-ақ, ең төмен орташа балды Айыртау ауданының түлектері (70,1) алған.
Өткен жылғымен салыстырғанда Ақжар, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласының көрсеткіштері жоғарылағаны байқалады. Есесіне Аққайың, Айыртау, Есіл, Қызылжар, Шал ақын және облыстық білім ұйымдары нәтижелерін төмендетіп алған.
Өңір мектептері арасында ең жоғары орташа балды: Ақжар ауданы Қазан орта мектебі (110,7), дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты (104,1), Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат (103,6), Петропавл қаласындағы “БЭСТ” гимназиясы (101,4), жалпы білім беретін бірінші лицей (100,7), Есіл ауданының Корнеевка гимназиясы (100 балл) алған.
Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицейдің түлегі Валерия Кревсун облыс бойынша 123 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті. Өткен жылы дәл осы нәтижеге дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының түлегі Әсел Шарапова ие болғанды. Валериядан кейінгі 122 балға Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың түлегі Әлішер Жүзгенбаев пен №1 Мамлют мектеп-гимназиясын тамамдаған Альмира Арсланова ие болды. №2 Кішкенекөл орта мектебінен Камила Тажиден 121 балл жинады. Жалпы үстіміздегі жылы 305 оқушы 100-ден жоғары балға қол жеткізді.
Облыс бойынша 125 “Алтын белгіден” үміткердің 56-сы, үздік аттестаттан дәмелі 57 түлектің 26-сы білімдерін дәлелдеді (Өткен жылы бұл көрсеткіш сәйкесінше 37 және 23-ке тең болды).
Облыстық білім басқармасының маманы Анара Волкованың деректеріне сүйенсек, Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мекемелер 10 “Алтын белгі” мен үш үздік аттестатты иеленген. Уәлиханов ауданының түлектері 8 “Алтын белгі” және төрт үздік аттестатты олжалаған. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 6 түлегі – “Алтын белгіге”, тағы үшеуі үздік аттестатқа қол жеткізсе, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның түлектері 5 “Алтын белгіге”, екі үздік аттестатқа ие болған. Ақжар ауданы – 4 “Алтын белгі” және үш үздік аттестат, жамбылдықтар 4 “Алтын белгімен” шектелген. Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының түлектері 3 “Алтын белгі” мен бір үздік аттестатқа қол жеткізді. Тайынша ауданы 3 “Алтын белгі” және сонша үздік аттестатқа ие болған. Тимирязев ауданы – 3 “Алтын белгі”, қызылжарлық өрендер 3 “Алтын белгі” және екі үздік аттестат еншіледі. Мағжан Жұмабаев ауданының мектеп бітірушілері 2 “Алтын белгі” және үш үздік аттестатты дәлелдеген. Айыртау және Мамлют аудандарының әрқайсысынан 2 “Алтын белгіден” шықса, Шал ақын – 1 “Алтын белгіге”, Есіл ауданы сонша үздік аттестатқа ие болған.
Бұдан басқа облыс түлектерінің 24-і – халықаралық және 17-сі республикалық конкурстар мен пән олимпиадаларына, ғылыми жобалар сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.