Аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдары арасында ең үздік жүргізілген патриоттық жұмыс бойынша республикалық байқау жарияланды. Ол “Мәңгілік Ел” патриоттық жобасын жүзеге асыруға, жастар арасында тәрбие жұмысын нығайтуға, оған ардагерлерді белсенді түрде тартуға бағытталған. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси қатынастар туралы түсінік қалыптастырып, қазақстандық біртұтастықты одан әрі нығайту мақсат етілген. Азаматтарды елжандылыққа тәрбиелеудегі озық тәжірибелер және оны ұйымдастыру түрлерін айқындап, көзге түскен ұйымдардың жұмыстарын кеңінен насихаттап, тарату көзделген.
Шара үш аталым бойынша өткізілуде. “Патриоттық мәселелерге байланысты аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдарындағы ең үздік жұмыс” аталымында жастар арасында жүргізілетін тәрбие жұмысының жоспарлануы мен жүзеге асырылуы, аталмыш шаралардағы тиімді тәжірибелерді тарату ескеріледі. “Аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің ең үздік патриоттық ақпараттық-насихат жұмысы” аталымында тақырып бойынша шығарылған әдебиеттер, соның ішінде еліміздің, өңіріміздің жетістіктерін насихаттау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар тізімі, тағы басқалар назарға алынады. Үшінші аталым “Аудандық, қалалық кеңестердің жастар арасында ұйымдастырған ең үздік патриоттық жұмысы” деп аталады. Онда мектеп оқушылары мен студенттерді еңбекке тәрбиелеу, олардың арасындағы тәлімгерлік, жастардың жұмыспен қамтылуы, аулалық клубтар, жазғы қорғаныс-спорттық лагерьлер, еріктілер қозғалыстары, діни ұйымдармен, құқық қорғау органдарымен қарым-қатынас орнату мәселелері бағаланады.
Әдия АХМЕТОВА,
облыстық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары.