«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

Облыстық тарихи өлкетану мұражайында қазақтың көрнекті жазушысы, жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына арналған “Дархан дарын” атты көрме өтті. Көрме жәдігерлері жазушының шығармашылығынан және өмір жолынан сыр шертеді.

Жазушыны халық көптеген әңгімелердің, повестердің, романдардың және пьесалардың, киносценарийлердің, публицистикалық сын мақалалардың, эссе-очерктердің авторы ретінде жақсы таниды.

Көрмеге жазушының жеке заттары – костюмі, аяқкиімі және “Ұлпан” романының қолжазбасы қойылған екен. Мұражай қорынан жазушының туған жерге сапарларынан әртүрлі кездесулерге және конференцияларға қатысуынан естелік фильм көрсетілді. Ғабит Махмұтұлының сценарийі бойынша түсірілген фильмдер мен қойылымдар да аз емес. Осы туындылар да көпшілік назарына ұсынылды. Оқырманның сұранысына ие “Қазақ солдаты”, “Оянған өлке”, “Ұлпан”, “Кездеспей кеткен бір бейне” повестері мен романдары көрмеде көзге оттай басылды. Сондай-ақ, газет-журналдардағы мақалалары да жинастырылған екен.

Көрмедегі құнды жәдігер “Ұлпан” қолжазбасы болғанын да айтып өткен жөн. Көрмені таныстырушы Гүлжауһар Сәдуақасова атап өткендей, Ғабит Мүсірепов өз кітаптарын араб әрпімен жазған және жазбалары қағаз бетіне қарындашпен түсірілген. “Ұлпан” романы 240 беттен тұрады, ол да көрмеге қойылыпты.

Көрменің ашылуына ардагер журналист Амандық Жантеміров, облыстық филармонияның әншісі Дәмеш Құрманкина, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледждің студенттері қатысты.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp