«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ АНИМАЦИЯНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді көрмеген адам кемде-кем. Бұл – «Қазақфильм» киностудиясы шығарған еліміздегі тұңғыш анимациялық фильм. Ал осы туындының жарыққа шығуына режиссері Әмен Қайдаровпен бірге атсалысқандардың қатарында теріскейдің тумасы Ерсайын Әбдірахманов болғанын білесіз бе? Ол режиссерліктен бөлек, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академия­сы «Кино және телевизия» факультетінің негізін қалап, деканы болған. Осы жазда Алматыға барған сапарымда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына ат басын бұрып, марқұм жерлесіміздің атқарған жұмысымен танысып, зайыбы Қатира Орынбайқызымен дидарласудың сәтті түсті.

Ерсайын Әбдірахманов 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Теңелдік (Сарыто­мар ауылынан батысқа қарай 6-7 шақы­рым жерде орналасқан, 1965 жылдары жабылған елді мекен) ауылында дүние есігін ашқан. 1964 жылы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көр­кемдік-графикалық факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы бітіріп шығады. 1971 жылы «Қазақфильм» киностудия­сына мультфильмдер шеберханасына жұмысқа орналасып, алдымен графика суретшісі, содан кейін аниматор және суретші-сәндеуші болып жұмыс істеді, ақырында мультфильмдер шеберхана­сының бастығы атанды. 1973 жылдан 1974 жылға дейін В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ сәулет факультетінде сурет және кескіндеме пәнінің мұғалімі қыз­метін атқарды. 1975 жылдан бастап, 1990 жылдарының басына дейін «Қа­зақфильм» киностудиясында анима­циялық режиссер болып жұмыс істеді, сонымен бірге деректі фильмдер түсірді. Ол ASIFA мүшесі және Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы кино фа­культетінің бірінші деканы болған. 2001 жылдың 31 шілдесінде қаза тапты.

1964-1974 жылдары Мәскеу транс­порт инженерлік институтында инже­нер-экономист мамандығы бойынша білім алған Тараздың тумасы Қатира Орынбайқызы жолдамамен Алматыға жіберіледі. Бұрын бірге оқыған құрбы­сына хабарласса, киностудияның жас мамандар тұратын «Витебский» деп ата­лып кеткен жатақханасына шақырады. «Құрбым Гүлзияға барсам, Әмен Қайда­ров, Сламбек Тәуекелов отыр екен. Дәлізде Бауыржан Нөгербектің үйінен екі жігіттің шыққанын көрдім. Әдеміше келген жігіт қолтығына папка қыстырып алыпты. Кірген соң дәлізде көрген әдемішесі Солтүстік Қазақстан облысы­нан екенін айтты. Сламбек Ерсайынды мақтай жөнелсе, қыздар мені мақтайды. Бір-бірімізге лайықты екенімізді айтып, жеңгетайлық жасайды», – деп алғаш кездескен сәтті есіне алды. Сол жылдың соңында екі жас шаңырақ көтереді. Тойлары Қазақстан Жазушылар одағы­ның маңындағы «Қаламгер» дәмхана­сында өткен екен. Тұңғыштары перзент­ханада шетінеп кеткеннен кейін ерлі-за­йыптының қуанышына орай өмірге Әлима есімді қыз келеді.

Өмір мәнін сыйластық пен түсіністіктен тапқан ерлі-зайыпты тағ­дыр сынына мойымай, кез келген қиындықты бірге жеңіп, өз орталарына үлгі бола білді. Мереке кезінде ағамыздың шаңырағына келген қонақтардың алдында кіші қыздары Әйгерімге дом­быра тартқызып, әртүрлі тақырыпта әзіл әңгіме, қағытпа, шымшылар ай­тып, айналаны күлкіге көметін сәттер де ұмытыла қойған жоқ.

Бала кезінде «Қазақстан пионері» га­зетінің сурет жарысына қатысып, жүл­десімен ауылдастарын қуантқан ол кейін өзінің фильмдерімен де көрермен көзайымына айналып, халықаралық бай­қауларда жеңімпаз атанды. «Тапқыш­тар», «Көзілдірікті қоян», «Қозы мен қоян жақсылықты қалай іздеді?», «Си­қырлы қарбыз», «Бозторғай» сынды мультфильмдері өз көрермендерін тап­ты.

«Ұзақтығы он минуттық мультфильм жасау үшін 14-15 мың сурет салынаты­нын, оны жасау ісіне 6-7 ай бойы 20-25 адам еңбек етуі керектігін айтсақ, бұл өнерді инемен құдық қазғандықпен са­лыстыруға келетінін түсіну қиын емес. Бейнелеу тәсілі мен әсерлеу мәнері бо­йынша мультипликация өнерінің мүмкіншілігіндей шығармашылық қуат басқа өнер салаларында шектеулі», – деп досы, белгілі кино маманы Сламбек Тәуекелов жазған екен.

Ерсайын Әбдірахманұлы – нағыз су­рет маманы екенін кәсіби шеберлігімен дәлелдей білген тұлға. Ол Алаштың жа­рық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісімен түсірілген режиссер Сламбек Тәуеке­ловтің көркем фильмінде костюм үлгісін жасаушы-суретші болғанын елдің көбі біле бермейді. Әр костюмнің кішкентай детальдарына дейін жіті қадағалап, талай тарих жазбаларына үңілгенін замандас­тары бүгінге дейін айтып жүреді.

Ерсайынның анасы Қайныш Мәди­қызы – Бекмағамбеттің (Мағжанның әкесі Бекен) інісі Нұрмағамбеттің неме­ресі. «Азат» тәуелсіз газетінің 1993 жылы 15 тамыздағы нөміріне басылған «Жұмабай» әулетінің шежіресін жазып, дизайнын жасаған Ерсайын Әбдірахма­нов екенін де естен шығармағанымыз абзал. «Ерекең жастарға қолдау көрсете білді. Талапкерлердің болашағына үл­кен сенім артты. Т.Жүргенов академия­сында қызмет еткенде оқуға түсуге кел­ген түлектерді үйге алып келіп, тамақ­тандырып, қондыратын. «Қатира, бұл балаларда үй жалдауға жағдай болмаса да, таудай талант бар», – деп қолынан келген жақсылығын аямады. Кейде төрімізде болған студенттер кейбір жиындарда кездессек Ерағаларын ай­тып, сыр шерткенде төбемді көкке жеткізеді», – дейді жақсының жары.

Қатира Орынбайқызының айтуын­ша, Ерекең туған жеріне жиі барып тұр­ған екен. Әлима мен Әйгерімін ерекше жақсы көргенін айтады. «Отбасында мейірімді болды. Жұмыстан келіп, кешкі ас дайындағанша балаларымен үлкен адамша әңгімелесіп, кино көріп, газет алып келіп, оқып отыратын. Мі­незі жұмсақ еді. Екеуіміз ешқашан ұрысқан емеспіз. Айтқанымның бәріне келісетін. Кез келген адаммен әзілі жарасатын», – дейді Қатира апамыз.

Ерсайын Әбдірахманұлының құ­лын-тайдай тебісіп бірге өскен досы Қалымжан Өтеуленов құрдасының кең­пейілділігі, адамгершілік, мейірімділік қасиеттері бала кезінде қалыптасқанын айтады. «Ауылдағы алаңқайдан бастал­ған достығымыз Алатау баурайында жалғасты. Ерсайын жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Петропавл қа­ласындағы мектептердің бірінде жұмыс істеді. Бір жылдан соң Алматыға әскер­ге аттанды. Содан Қызылжарға қайт­пай, «Қазақфильмге» орналасты. Мен Ақтауға кеттім. Алып шаһарға жұмыс сапарымен барғанда қонақүйге тұрақта­сам ренжитін. Сондықтан ат басын Ер­сайынның үйіне бұратынмын. Қатира үнемі күлімдеп жүруші еді. Досымның ғұмыры қысқа болды. Бергенінен бе­рері көп еді. Ерекеңмен бірге менің де балалығым келмеске кетті», – дейді Қа­лымжан Өтеуленов.

Ерсайын Әбдірахмановтың 1991 жылы жарық көрген «Жаңа-Арқа» фильмі – қазақ киносының «Алтын қорына» қосылған үздік шығармалардың бірі. Және де сол кезеңде болған оқиға­дан хабар беретін құнды дерек көзі. Араға жеті жыл салып экран алдына ұсынылған «Өлім транзиті» фильмі тіп­тен күрделі тақырыпты арқалаған. Оның күрделілігі – халықаралық дең­гейде қарастырылғандығы. Ал өзектілігі – проблеманың алдын алуға ұмтылыс жасауында. Тамырын тереңге жайып жіберген зұлымдыққа шектеу қоюды талап етеді. «Ерсайын «Ажал транзитін» түсіргенде үйде көп болмайтын еді. Осы фильмді түсіру барысында суық қаруды (тапанша) жанынан бір елі қалдырған емес. Өте қауіпті түсірілім болды», – де­ген Қатира апамыз «ЮНЕСКО-ның қорында қазақтың үш мультфильмі ба­рын, солардың арасында Ерсайын Әбдірахмановтың есімі кездесетінін айтып ерінің өшпес із қалдырып, өзінен кейінгілердің аузында жүргеніне қуан­ғанын жеткізді.

Қазақ темір жол басқармасының жоспарлау бөлімінде 38 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан жақсы­ның жары Әлима, Әйгерім есімді қыз­дарынан көрген жиендерінің қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешуде. Күйеу балалары да осал адамдар емес. Серік Абас-шах пен Ысқақ Егембердиев екеуі де – елімізде журналистика саласының дамуына атсалысып жүрген жандар.

Екінің бірінің қолынан келмейтін анимациялық фильмдерді жарыққа шығарған белгілі режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың есімі туған жерінде көп айтыла бермейтіні көңілге кірбің ұялатады. 2026 жылы режиссердің туға­нына 80 жыл толмақ. Бұл мерейтой атаусыз қалмас деп ойлаймыз.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp