Газеттің өткен сандарының бірінде жарық көрген «Қаралы үйде қазан қайнамасын» атты мақалада біраз мәселе қамтылып, жұртшылық талқысына салынған екен. Мен адамды жирендіретін кей жат қылықтар жайлы ой бөліспекпін. Расында да уақыт өткен сайын тұрмысымызда да, санамызда да әбден қалыптасып, берік орныққан рәсімдерден қол үзіп бара жатқан секілдіміз. Қайта бүгінгідей жан-жақтан қысқан жаһандану үрдістеріне икемділудің, жоқтан бар жасаудың орнына бәсекелестіктің буына мастанып қалғандаймыз.
Байқап отырсақ, қазақ халқының ұлттық құндылықтары шариғатқа қайшы келмейді. Түп-тамырына үңілсек, екеуінің бір-бірін толықтырып отыратынын аңғару қиын емес. Өкінішке қарай, жат әрекеттер, келеңсіз көріністер жұртшылық арасында кездеспей қалмайды. Тіпті соңғы жылдары тамырын тереңге жайып, қоғамда белең алғаны соншалық, етіміз әбден үйреніп, бейжай қарайтын сияқтымыз. Ұнамсыз тұрмыстық әдет-дағды, салт жастарымыздың бойына ұялап алса, одан арылу оңайға соқпасы анық. Әсіресе шетелдің қаңсығын таңсық көретіндер қатарының үдеп, үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Олардың қатарына арақ, сыра, есірткі сияқты харам заттарды, зинақорлықты, екіжүзділікті, ысырапшылдықты, тағы басқаларын жатқызуға болады. Мұның бәрі – ұлттық болмысымыздан, мұсылмандық көркем мінезімізден ажырататын, құрдымға апаратын жол. Пайғамбарымыз үмметтеріне «харам істерден сақтан, сонда ең ғибадатшыл тақуа боласың», – деп ескерткен.
Пенделер арасында кең тараған жаман қылықтардың бірі – жалған сөйлеу, өтірік ант ішу. Шындық пен өтірік, иман мен күпірлік қатар жүрмейтінін, сондықтан шындық ізгілікке, өтірік бұзықтыққа апаратынын ұғындырудың маңызы зор. Бүгінде жемқорлық қоғамдық дертке айналғанын екінің бірі біледі. Бұл келеңсіздіктің бірден-бір емі – имандылық. Парақорлық ескіден келе жатқан мерез екенін отбасы, ошақ қасы тәрбиесінен бастап түсіндіруден, санаға сіңіруден жалықпауымыз керек. Шортанбай ақын өз заманындағы би-болыстарды аяусыз сынап отырған, оның насихаты әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Сөз айтайын, үлкендер!
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
Халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – мақалада кеңінен айтылғандай, ысырапшылдық. Бүгінде әр күніміз аспа-төк той-домалақсыз өтпейтін болды. Несие алып, қарызданып-қауғаланып, ұлан-асыр дастарқан жаю жазылмаған заң сықылды. «Пәленшеден кем қалмау керек» деген жалған намыс, мақтаншақтыққа негізделген іс-әрекеттер ұшпаққа шығармайды. Жаратушының берген ризық-несібесін арам істерге жұмсайтындарды да кездестіріп жүрміз. Көзі тірісінде зәулім мазар тұрғызып жүргендердің қылығын неге жорырыңды білмейсің. Негізінде «ысырап» сөзі «шектен шығу» деген мағынаны білдіреді.
Ата-бабаларымыз асыл дінге деген ерекше құрметімен қатар тіл тазалығын да ұмытпаған. Айтпағымыз, бүгінде бауырын «брат», қарындасын «сестра», бір-біріне «ахи» дейтін қаракөздер көбейді. Олардың дін ұстаймын деп жат ағым жетегінде кетуінің басты себебі – ана тілін өгейсінуінде. Осының өзі ана тілімізге деген құрметтің жоқтығын білдіреді. Қазақтың отаршылдық саясатқа қарсы төтеп берген қос қанаты – діні мен тілі екенін ұмытпайық. Тілімізді шұбарлау, дінімізді дүбәралау жалғаса берсе, ұлттық тінімізден көз жазып қаларымыз анық. Оның бір сыры бәзбіреулердің азамат деген атқа лайық болудың орнына әділдікті аяққа басып, бастық алдында жағымпазданып, принципсіздік, жандайшаптық көрсететін мінезіне келіп тіреледі. Бас пайдасы үшін небір оспадар қылықтардан тайынбайтын жандар арамызда әлі аз емес.
Адам өмірінің басты жемісі – артта қалған қымбат мұрасы мен ізгілікті адамгершілік қасиеттері.
Сайран АЙСИН,
Петропавл қаласының тұрғыны.