«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІҢ ТҰҒЫРЫ

Біз газет-журнал оқып өскен ұрпақпыз. Солардың ішінде бізге облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газеті ерекше ыстық. Газеттің әрбір нөмірін асыға күтуді, қолға тиісімен бүгешігесіне дейін оқып шығуды әдетке айналдырғанмын. Ондағы өңіріміздің тыныс-тіршілігінен хабар беретін, қоғамдағы түйінді мәсе-лелер қозғалған мақалалар оқырманды бейжай қалдырмайды.

Басылымның ай сайын жарық көретін ұстаздар қауымына, отбасы мәселелері мен жастарға арналған “Тағылым”, “Шаңырақ”, “Жас қыран” қосымшаларының да берері мол. Болашақтың бағбандарын тәрбиелеп отырған өзіміз сияқты мұғалімдердің жетістіктерімен, оқу жүйесіндегі жаңа бағыттарымен, отбасы құндылықтарымен, өрендердің өмірімен осы басылым арқылы танысып отырамыз.

Өз басым халықтың мұңмұқтажын жергілікті билікке жеткізе білген, ұлттық рух, елдік мүдде дегенде қаламы мұқалмайтын қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақты рухани орда деп санаймын. Сондықтан оның әрбір қазақтың төрінен орын алғанын көрсем ішім жылып тұрады. Жақын туыстарымның, көршілерімнің газетке жазылғанын қадағалап отыратынымды да жасырмаймын. Жаһандану үдерісі шапшаң жүріп жатқан бүгінгі уақытта халықтық тәрбие, ұлттық рухты жоғалтпау – үлкен міндет. Бүгінгі жас мемлекетшіл, еліне деген патриоттық сезімі бар, ұлттық салт-дәстүрден сусын­даған, халқының тарихын білетін, мәдениеті мен әдебиетін зерделей ала-тын адам болғанда ғана көсегеміз көгереді. Ал осы жолда газеттің үлесі орасан екені белгілі. Біздің мектепте қызмет атқаратын 50 адамның барлығы ғасырға жуық тарихы бар облыстық басылымға бір кісідей жазылатынын айтқым келеді. Газетке жазылу – кезек күттірмейтін мәселе. Соны өзін қазақ тілінің, руханиятының жанашырымын деп есептейтін әрбір адам түсінуі тиіс.

Айман ӘЛІМТАЕВА, Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp