«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫ НЕМІС БОЛСА ДА…

Марина Венингтің ұлты неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соғады. Шал ақын ауданындағы Жаңасу ауылында туып- өскен ол орта мектепті аяқтаған соң болашақта шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысамын деп шешіпті. Бойжеткен бүгінде Евней Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілінде білім беріп, бастауыш сынып оқушылары мен олардың ата- аналарының ықыласына бөленуде.

Маринаның қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын кеңінен насихаттау арқылы тіл мәдениетін көтеру, оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру ісіне қосып отырған үлесі айтарлықтай. Әрине, қазақ тілін жетік білгені неміс қызына көп жерде пайдасын тигізіп, талай белестерді бағындыруға жетелеген. Ол «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты сайыста, «Абай оқуларында», Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің 20-жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда жүлделі орындардан көрінген.

«Мен өз елімнің патриотымын. Түрлі байқауларға мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосу үшін ғана емес, қазақ тілін сүйгеннен қатысамын», – дейді Марина.

Кейіпкеріміз ұлы Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа біледі. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар мұзбалақ ақын – Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқиды.

Марина мен зайыбы Есеннің тұңғыштары – Бексұлтан Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде «Инновациялық жүйе» факультетінің 3- курс студенті, екінші ұлы Ерсұлтан Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Ал кенжесі – Айару мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушісі.

«Балаларымыздың бойына мемлекеттік рәміз, ұлттық құндылықтар, діл, болмыс туралы түсінікті дарытуға тырысып келеміз. Осындай келешегі кемел, халқы бақытты егемен елдің азаматы болғаныма мақтанамын!» – дейді ол.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp