«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҚАЛАМГЕР

Қызылжар жұртшылығына көзі тірісінде небір өткір де өзекті мәселелерді көтеріп, ұлттың жоқшысына айналған қаламгер, ақын, журналист Мәлік Мұқановтың есімі ерекше жылы естіледі. Өйткені, ол – үнемі шындықтың жағында болып, тағдырын, бүкіл өмірін, қаламгерлік қабілетін туған елінің мақсат-мұратымен байланыстыра білген ұлт руханиятының тамырына байланған тұлға.

Бұрнағы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада 75 жылдығына орайластырылып өткен еске алу кешіне жиналғандар қаламгердің мағыналы ғұмыры, шығармашылық мұрасы, өр мінезі туралы әсерлі әңгіме өрбітті.

Зиялы қауым өкілдері, бірге қызмет атқарған әріптестері, ұстаздар мен жастар алдымен “Ұлтын сүйген қайраткер” деген атаумен ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, Мәлік Мұқановтың көзі тірі кезінде жарық көрген туындыларымен, шымшыған жерін үзіп алардай уытты мақалаларымен, өмір сырына терең бойлатқан, ой дариясының тұңғиығына шақырған өлеңдерімен, сондай-ақ, ол туралы жазылған естеліктермен танысты.

Есіл ауданындағы Амангелді ауылында дүниеге келген бала Мәліктің қаламгерлік жолды таңдауына туған жерінің тұмса табиғатының, ұлағатты ұстаздары берген білім мен тәрбиенің әсері мол болды. Осылайша, ол егемендіктің елең-алаңында Қызылжар өңіріндегі ел мен жер, тіл тағдыры үшін арыстандай арпалысқан азаматтардың қатарынан орын алды.

Иә, біздің “Рухани жаңғыру” деп жүрген жаңғыруымыздың алғашқы көші Тәуелсіздігіміз тәй басқан кезде басталғанды. Сол кездегі халықтың рухын дүр сүлкіндіріп, оятқандардың қатарында Мәлік Мұқановтың да болғаны талассыз шындық. Ол “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінде Рәшит Бәдірленов, Мұхаметқали Нұрғожин, Бақыт Мұстафин, Серік Қасенов, Болат Қожахметов, Амандық Әбжанов сынды дарынды журналистермен бірге қызмет ете жүріп, тұрғындардың ашынғаннан шыққан ащы дауысын мақалаларына өзек ете білді. Оның қаламынан туған өткір дүниелер оқырмандарын жаңылмай тауып жатты. Ойын қазақша да, орысша да бірдей жеткізе білген ол қатарластарынан оқ бойы озық жүрді. “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов басы ноқтаға сыймаған қаламгердің осы сияқты бірқатар қасиеттеріне тоқталып өтті.

– Мен артыма бұрылып, өткен өмір жолыма көз салып қарасам, Мәлікпен жолымыз түйіскен сәттер аз кездеспегенін көремін. Бірге оқыдық, бірге облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландық. Теледидарда да бірге қызмет істедік. Ол кісінің көп жақсы қасиеттеріне куә болдық. Қайсарлығы, батырлығы бір төбе. Қазіргі жас ұрпақ Мәкеңдердің үлгісінде тәрбиеленсе, еліне деген сүйіспеншілігі жоғары, Отан үшін кеудесін оққа төсей алатын жастардың қатары көбейері сөзсіз, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

Содан кейін сөз алған облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов Мәлік Мұқановтың әкесі Жақыптың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін жылдарында әке-шешесіне қол ұшын берген қамқорлығын, ерлігін айтып, қаламгердің ұлттық мүдде, елдік мақсат жолында атқарған қыруар жұмыстарын шолып өтті.

Мәлік Мұқанов шыншыл журналист болды. Ол облыстық “Ленин туы”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде қызмет істеген жылдары талай күрмеуі қиын мәселелердің түйіні тарқатылды. Әділетсіздік ойсырай жеңіліп, әділет салтанат құрды. Осының бәрінің астарында оның қаламгерлік мінезі мен мамандығына, қызметіне деген адалдығы тұрғаны ақиқат. Осы жайлы әсерлі сөз сабақтаған ардагер журналист Нұрсайын Шәріптің әңгімесі жұртшылықты біраз жайтқа қанықтырды.

Мәлік Мұқановты көпшілік тіл жанашыры ретінде де таниды. Егемендіктің алғашқы жылдарында өңірімізде қазақ мектептерінің ашылуына, ашылып қана қоймай, оларды толғандырған сұрақтардың шешілуіне, мұғалімдер жағдайының оңалуына да азаматтық үнімен қызмет еткен жандардың алдыңғы шебінде Мәлік ағамыз тұрғаны хақ. Облыс орталығындағы бір ғана №6 мектепке Қожаберген жырау есімінің берілуіне де көп еңбек сіңірген осы кісі. Оны бүгінде мұғалімдер аңыз қылып айтып жүр. Биыл 355 жылдығы тойланған Қожаберген бабамыздың өңірімізден шыққан ұлт үшін ұлы соқпаққа түскен атақты қолбасшы екенін Мәлік ағамыз осыдан ширек ғасыр бұрын айтып кеткен. Оны жеке кәсіпкер Балдырған Ілиясов одан сайын дәттей түсті. Еске алу шарасы барысында аға буын тарапынан нағыз ұлт жанашырының жас ұрпақтың санасында ұзақ сақталуы үшін көше мен өзге де нысандарға есімін беру мәселесі де көтерілді.

“Тау алыстаған сайын биіктей түседі”. Ағамыздың ошағын өшірмей, ұрпақтарын қанаттыға қақтырмай өнегесімен ұйытып отырған жары Әдия Ахметова жиналған жұртшылыққа алғысын жеткізді. Кешке жиналғандар Мәлік Мұқановты ұлт қайраткері деп атады. Бұдан асырып, сірә, айта алмаспыз!

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp