Абай жырларынан оның жүрек лүпілін сезініп, жанын ұғынған солтүстікқазақстандық жас өркен оқушылар қазақ халқының киесі, ақылы мен жүрегі, ары мен намысы, данышпан кемеңгері туып-өскен, өмір кешкен тарихи өлкеге, қасиетті Жидебай төріне ХV республикалық Абай оқуына қатысып, рухани нәр алып оралды.
Жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында өткізілген Абай оқуына қатысушылар алдымен Семей қаласындағы баба ескерткішіне тәу етіп, атамыздың қасиетті мұражайында болды. Абай ауданындағы Бөрлі мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы ұлы ақынның туған жеріне саяхат жасап, қазақтың бас ақыны Абай елінің қасиетті топырағын басты.
Еңлік-Кебек ескерткіші жанында ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының “Еңлік-Кебек” поэмасының желісі бойынша театрландырылған қойылымын, екі жастың мекен еткен “Үй таста” Еңлік пен Кебектің қуғында жүрген кезіндегі көрінісін тамашаладық. Екі жастың тағдыры ұстаздар мен оқушыларды тебірентіп, көздеріне еріксіз жас үйірді.
Осы жердегі этноауылда Абай мен Әйгерімнің кездескен кездерінен сахналық көрініс көріп, “Әйгерім бұлағының” тұщы суының дәміне қандық. Ұлы ақынымыз өмірінің соңғы 10 жылын өткізген Жидебай жеріндегі мұражайында оның қолданған заттарын, шығармашылықпен айналысқан бөлмесін, жұмыс үстелін, туыстарының заттарын тамашалап, ерекше сезімге бөлендік.
Абайдың рухани ілімін жас ұрпақтың бойына сіңіруді, ұлылардың сөзі мен даналығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан Абай оқуларында облыс намысын Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының 10 “ә” сынып оқушысы Саян Ермек, Айыртау ауданының Саумалкөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айдын Нәжкен және Уәлиханов ауданындағы №1 Кішкенекөл орта мектебінің 6-сынып оқушысы Дина Диярат қорғады.
Тауы жырлап, даласы ән салатын киелі өлке, қасиетті Шыңғыстау өңірінде өткен байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен Абай мен Шәкәрімнің мол мұрасынан сусындап, солардың жырын жаттап, әнін шырқап, ақындық шабыттарын шыңдап жүрген 63 жас өрен қатысты. Оқушылардың ішінде өз талантымен ерекше көзге түскен қатысушылар марапатталды. Солардың қатарында біздің облыстан қатысқан оқушылар да бар. Петропавл қаласының намысын қорғаған 10 “ә” сынып оқушысы Саян Ермек “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” аталымында көзге түсті. Саянға республикалық “Абай” журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов планшет тарту етсе, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қайырғазы Үрмекбай “Ұлылар мүсінін” сыйға тартты. “Көңілім әнді ұғады” аталымында әнімен жүрек тебіренткен 6-сынып оқушысы Дина Дияратқа республикалық Абай қорының президенті, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов өзінің сиясы кеуіп үлгермеген “Әлемнің Абайы. Қазақтың дана ойы” кітабын тарту етті. Абай атамыздың 120 өлеңімен қоса, Шәкәрімнің 30 өлеңін жаттаған Айдын Нәжкенге республикалық XV Абай оқуларына белсене қатысқаны үшін Алғыс хатымен бірге ағылшын тілі сөздігі табысталды.
Абай оқуында оқушыларымыз жүлделі орын иеленбесе де, өздерінің дарынымен ерекше көзге түсіп, өмір бойы естен кетпес рухани азық алды.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.