«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

Барша жұрт Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды береке-бірліктің бастауы деп санайды. Табиғаттың жаңаруы мен жасаруы – адамдардың рухани тазаруының нышаны. Көрікті көктеммен ере келетін бұл мейрамды Қызылжар қаласының тұрғындары да ерекше көңіл-күймен қуаныш құшағында қарсы алады.

Облысымыздағы іргелі оқу орны – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті үстіміздегі жылы Наурыз мейрамын жаңаша үрдіспен бастап отыр.

Ордалы оқу орнында мерекелік салтанатқа арналып жасалған “Армысың, әз-Наурыз!” бағдарламасы мазмұндылығымен жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Алдымен мерекеге арнайы келген Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Дархан Ахмед-Заки мен университет ректоры Серік Өмірбаев құрылғанына дәл мерейлі мереке қарсаңында 80 жыл толып отырған оқу ордасының тарихына қысқаша тоқтала келіп, тілектерін білдірді. Көктем мейрамының сәні ән мен би екені белгілі. Университет алаңында ән шырқалып, мың бұрала би биленіп жатты. Қол күресі, бес асық, арқан тарту және спорттың басқа да түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына арналған театрландырылған қойылымдарды тамашалаушылар да көп болды.

Алаңда құрылған екі киіз үйге бас сұғып, кіріп-шығып жатқандар да көп. Университетте талай жыл еңбек еткен ардагерлерге барынша құрмет көрсетілді. Киіз үйлердің жанына қойылған қазандардан Наурыз тойына келгендерге палау, наурызкөже таратылып жатты. Бауырсақтан да барлығы ауыз тиді.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp