Кеңес халқының айтулы перзенттерінің бірі, аса көрнекті ақын, жазушы, көсемсөзші, қоғам қайраткері, асқан лениншіл Сәкен Сейфуллинді еске алып, соған орай құрмет көрсету – парыз.
Оның Ежов пен Берияның шеңгеліндегі қайғылы қазасынан бері жиырма алты жылға тарта уақыт өтті.
Біздер – оның достары, замандастары партияның ұлы ХХ және ХХІІ съездерінің арқасында жеке адамға табынудың кінәсіз құрбандары, соның ішінде Сәкен Сейфуллин туралы ашық айта аламыз.
Сәкеннің қазасымен біздің әдебиетіміз өзінің ғажайып бір тұлғасынан айрылып қалды. Жер бетінде, әсіресе, адамдарға пайда келтірген, соларға арнап шығармашылық жұмыспен айналысқан тұлғадан ардақты ешкім жоқ.
Мен Сәкенді танып, оны өзімнің досыма балау бақытына ие болдым. Біздің тағдырларымыз сонау зұлмат та үрейлі жылдары тоғысты. Бұған менің “Маркстің жастық шағы” романымның Сейфуллиннің редакторлығымен қазақ тілінде жариялануы ұйытқы болды. Маған адам айтқысыз және адам нанғысыз жала жабылды. Алайда, өмірінің соңғы сәтінде, ақтық сапарға аттанарында, қабірінің басында тұрып, оған өлім жазасын кескен әскери алқаның сотында Сәкен Сейфуллин маған жала жабылғанын, менің кеңес халқының алдында ешқандайда күнәм жоқ екендігін соңғы сөзінде, ажалдан қаймықпастан айтып кеткен. Ажал алдында осылайша мәлімдеу үшін қандай ұлы жігер керек десеңізші?! Мен бұл жайында жиырма жыл өткеннен кейін, партияға қайта қабылданғанымда ғана білдім.
Біздің алғашқы кездесуіміз 1936 жылы Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткенде болып еді. Жазушылар одағынан маған А.Фадеев телефон шалып, оның кабинетінде менің қазақшаға аударылған “Маркстің жастық шағы” кітабымның редакторы Сәкен Сейфуллин отырғанын хабарлады. Біз нақ сол күні кездестік.
Сәкен маған Алматыда қазақ тілінде басылған кітабымды және бір жәшік дәмі тіл үйірген, алқызыл алмаларды тапсырып, Қазақ үкіметінің сонау күн дидарлы өлкесіне келуге шақыруын берді. Жасы сол кезде қырықтан енді ғана асқан Сәкен Сейфуллин мені өзінің ер мінезді асқан сұлу кескінімен баурап алды. Ол ұзын бойлы да сұңғақ екен. Әсіресе, ұшқын шашқан қара көздері есімде қалыпты. Ол адамға тура қарап, адал да батыл сөйлейді екен. Сөйтіп, көне парсы кескіндемелеріндегі қаһарман да айбынды сардардан аумайды.
Ол табиғи сұлулығына қоса, адами сезімталдығымен бойды баурайды. Орыс тілінде тіпті сауатты сөйлейді. Әдеби тілге өте жетік. Және де өткендегі көптеген саңлақ та замандас ақындардың өлеңдерін оқыды. Сәкен бірнеше мәрте ойшыл Хайям мен сыршыл Фирдоусиді есіне алды.
Әсіресе, Қазақстанның сан салалы өмір салты мен сұлулығын сүйсіне айтты. Сейфуллиннің әсерлі де жанды әңгімесін тыңдай отырып, мен сонау бір шалғай өлкені ұнатып қалдым.
Ол өзінің Отаны жайлы сондай беріле, сүйсіне, тарихын ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай айтып берді.
Мен оның әңгімесінен Абай туралы көп нәрсені біліп алдым. Сәкен өз халқын айтарлықтай танытып қана қойған жоқ, оның ұлы болашағына деген сенімін білдірді.
Бірінші кездесуден кейін бірнеше күндер өткенде Сәкен менің Москва түбіндегі саяжайыма келді. Ол тағы да мені Қазақстанға шақырып, кеңес өкіметі жылдарында елдің қалайша өзгергенін шабыттана айтты.
Ал өзіне келгенде ол өте ұстамды еді. Мұны үлкен адамның қарапайымдылығы деп білдім. Мен сол жердің өзінде оның Қазақстанның ең бір беткеұстар адамы, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, батыл күрескер және коммунист екенін аңғардым. Мен оған нақ оның “Маркстің жастық шағы” кітабымның редакторы болғанын мақтан тұтатынымды айтқанымда, Сейфуллин ыңғайсызданып қалды.
– Бұл менен басқалардың да қолынан келетін еді, – деп уәж айтты ол.
– Сіз білесіз бе, біздің халқымыз өте дарынды, ол өнер мен ғылымның барлық салаларында таланттарға бай,– деді ол.
Сәкен Сейфуллин маған өзі үлкен үміт артып жүрген бірнеше жазушылардың есімдерін атады. Одан мен өзі досым деп санайтын Сәбит Мұқанов туралы естідім.
Сәкен Сейфуллиннің біздің осы екінші және соңғы кездесуіміздегі қысқа әңгімесінен оның қазіргі Қарағанды облысында туғаны, бала күнінен ақындардың әуезді жырларын сүйіп өскені есімде қалыпты.
– Бір мың тоғыз жүз бесінші жылы, он бір жасар бала кезімде, орыс революционерлерінің сөздерін естідім. Мен ол кезде орыс тілін нашар білетінмін. Тек аудармашылардан осы сөздердің мәніне қанықтым. Алайда, сол сөздер менің жанымды баурап алып, олар өмір бойы жадымнан шыққан емес, – деді Сәкен.
Ол 1916 жылы мұғалімдер семинариясын тамамдап, мұғалім болады. Бірақ, төңкерістен кейін-ақ еңбекшілер депутаттары кеңесін ұйымдастыруды қолға алып, Ақмолада, қазіргі Целиноградта, халыққа білім беру комиссары болып сайланады. Осылайша өмірін большевиктермен байланыстырған Сәкен күрескер болады.
Сәкен Сейфуллинді 1918 жылдың мамырында ақтардың аАтаманы Анненковтың жасағы тұтқынға алады. Сонда да кісендеулі Сәкен өлең жазуын доғармайды. Қаңтар айында, қырық градус сары аязда, анненковшылар Сәкен мен серіктерін қарулы күзетпен Петропавлға айдап әкеледі. Олар мұнда “Ажал вагонына” қамалып, Омбыға жөнелтіледі. Бірақ Сәкен азапқа төзеді, қаныпезерлер оны сөйлете алмайды.
Мен Фадеевтен Сәкеннің өлеңдері жастай жазғанын, сондықтан өз Отанында кеңінен танымал екенін білдім.
Ол Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен оған өзінің жырларын арнайды. Сейфуллин талантты жазушы ғана емес, сонымен бірге өте қайырымды, адал, нағыз лениншіл адам болды. 1937 жылы жазықсыз сотталып, қайғылы қазаға ұшырады.
Біздің жадымызда мәңгілік қалатын адамдар болады, олармен кездесулер ешқашан ұмытылмайды. Мен 1936 жылдың аптапты жазының күндеріндегі Сәкен Сейфуллинмен арамыздағы әңгімелерді өткен жиырма бес жыл бойы неше мәрте есіме алып жүрдім.
Кейін мен Қазақстанға екі жылға жер аударылдым. Мен осынау тамаша бай өлкені жақын танып-білдім, көптеген қазақтармен кездесіп, Сәкеннің өзінің отандастарының, елінің үлкен болашағына сенуі дұрыс екеніне көзім жетті.
1956 жылы, таң сәріде Жамбылдағы, Сәкен Сейфуллин неше мәрте болған қаладағы, шағын саман үйден шығып келе жатып, Күннің қызыл сәулесі ойнаған тау шыңдарына және пісіп-жетілген шексіз-шетсіз жеміс бақтарына сүйсіне көз салғанымда, бір кездері Москвада Сәкен Сейфуллин сүйсіне оқыған сүйкімді, сыршыл жырлар тағы да жадыма оралды.
Осылайша мен әлемнің ешбір қиырында Алатаудай сұлу да асқақ тауды көрмедім.
Қазақстандағының бәрі керемет, көз жеткісіз де бай: жері құнарлы, өрісі малға толы, қазып тауыса алмайтын қазба байлықтар, ағысы қатты арынды өзендер, ажары бойды баурайтын таулар, ал бәрінен де асатыны – мақсаткер де табиғат жомарттығын аямаған дарынды адамдары.
Мен Сәкен Сейфуллиннің тұлғасынан Қазақстанның бір бөлшегін танығандай болдым. Содан барып, ол өзінің халқы мен елінің ажыратып, бөлуге келмейтін буыны, осы халық пен елдің ең тамаша перзентінің бірі екенін ұқтым.
Жазықсыз қаза болған көптеген әдебиетшілердің есімдері мен олардың кеңес әдебиетіндегі орнына әлі күнге дейін шынайы баға берілмей келеді. Сәкен Сейфуллин де – солардың бірі. Сорымызға қарай, оның рөлін, талантын, Қазақстанның жас кеңес әдебиетінің іргесін қалаушы ретінде елімізге сіңірген еңбегін кеміткісі келетіндер болды және әлі де бар.
Тіпті, тарих пен бұлтартпас айғақтарға қарамастан, Сәкен біздің осынау даңқты бүкіл көпұлтты өнеріміздің түп қазығы емес деп дәлелдемек болғандарды қайтерсің?! Мен отызыншы жылдарды есімнен шығара қойған жоқпын, осы оқиғалардың тірі куәсімін.
Біз Сейфуллинмен бірге ғұмыр кешіп, онымен қатар жүрген ірі жазушылардың айтып жеткізгісіз шығармашылық дарынын аса ардақ тұтамыз, нақ осы Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес әдебиетінің алғашқы қазығын қадағанын білеміз.
Галина СЕРЕБРЯКОВА.
(“Өткен жылдарға саяхат” естеліктер жинағынан. “Советский писатель”, Москва, 1965).
Аударған
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ.