
Жастар – біздің болашағымыз. Оларға дұрыс тәрбие беру, алдағы өмірінде кездесетін қиын-қыстау сәттерден төзімділік пен шыдамдылықтың арқасында шыға білуге үйрету – аға ұрпақ өкілдерінің парызы. Бұл іске елімізде беделді қоғамдық бірлестік болып табылатын ардагерлер ұйымдары да өз үлестерін қосып келеді.
Ардагерлер қозғалысы жұмысының басым бағыттарының бірі – ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етіп, жастарға патриоттық тәрбие беру. Осы бағытта жинақталған тәжірибе жеткілікті, алға қойып отырған мақсат зор. Соңғы жылдары елімізде мектеп жасындағы балалар арасында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Осыған орай облыстық ішкі істер департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі белсенділік танытып келеді. Жыл сайын Петропавлда 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында бұқаралық-қорғаныс және әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары ширай түседі. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, білім, мәдениет мекемелерімен бірлесіп, отансүйгіштік рухтағы түрлі шаралар ұйымдастырады. Әскери қызметкерлер мен соғыс және еңбек ардагерлерінің қатысуымен өткен бұл шаралар жастар үшін естен кетпес оқиғалармен ерекшеленетіні сөзсіз.
Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында екі мыңға жуық мүшесі бар 20 ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында үш соғыс ардагері болса, 15-і – тыл еңбеккері. Қай-қайсысының ерлікке толы өмір жолы жастар үшін үлгі-өнеге. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай департаменттің жас мамандары мен мектеп оқушылары соғыс ардагерлеріне қонаққа баруды жоспарлауда. Атап айтар болсақ, отставкадағы милиция подполковнигі Никита Семенов 10 мамыр күні 100 жасқа толады. Ол майданда 11 фашист снайперінің көзін құртқан мерген болған. Курск иініндегі шайқаста асқан ерліктің үлгісін көрсете білген жерлестеріміздің бірі – Иван Шипп. Полиция полковнигі шенінде зейнет демалысына шыққан ол 1942 жылы әскер қатарына алынып, елі мен жерін жаудан азат етуге атсалысқан. Бүгіндері 96 жастағы майдангер жерлесіміз әр жылдары “Қызыл Жұлдыз” және Отан соғысы ордендерімен, отыздан астам медальмен марапатталған. Ал Григорий Красильников бүгіндері 99 жасты еңсеріп отыр. Сұрапыл соғыс жылдары гвардиялық бомбалаушы әуе полкінің сарбазы болған петропавлдық майданнан оралған соң милиция қатарында табысты еңбек етті. Тәжірибелі тәртіп сақшысы қылмыспен күресте, оның алдын алуда басын қатерге тігіп, үнемі алғы шепте жүрді. Аға буын өкілдері Отан деген асыл ұғымның қадірін бір адамдай біледі. Сондықтан олар бүгінге дейін жастарға патриоттық тәрбие беруге өзіндік үлестерін қосып келді.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде облыстық ішкі істер департаментінің мұражайы зор роль атқарып отырғанын атап айтқан жөн. Ішкі істер органдарының шежіресінен сыр шертетін жәдігерлер жинақталған мұражай 31 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үш жүз шаршы метр аумақта орналасқан мекеме жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығуда. Мұнда қылмыскерлерден тәркіленген және екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қару-жарақ үлгілері бар. Былтыр ұйымдастырылған 102 экскурсия барысында мұражайға 2,5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық келген. Олардың 1,5 мыңын мектеп оқушылары мен колледж студенттері құрады.
Облыстық ішкі істер департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі бұл бағытта атқарылатын біршама жұмыстарға ұйытқы болып отыр. Жыл сайын бозбалаларды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу, әскери-патриоттық әндердің конкурсын, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізу жұмысымыздың басты бағыты болып қала бермек. Ардагерлер ұжым қызметкерлерімен кездесіп, соғыста қаза тапқандардың мемориал-ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою және тағы басқа қоғамдық шараларға қатысады. Ертеңгi заманды жасайтын бүгiнгi өскелең ұрпақ екенiн ескеріп, тәрбиенi сол бағытта сiңiре бiлгеніміз абзал.
Сұраған КӨПЕЕВ,
облыстық ішкі істер департаменті және Ұлттық ұлан
ардагерлер кеңесінің төрағасы.