Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қалта ұрыларымен күресті мықтап қолға алып, тіпті тұрғындарға ұрыларға жем болмаудың амалдарын көрсететін ұсыным әзірледі.
Өңірде биылғы жылдың басынан бері қалта ұрлығына қатысты 15 қылмыстық іс қозғалып, соның ішінде 8 іс сотқа жолданған. Қалта ұрыларынан сақтану үшін бірнеше ұсынымды естен шығармаған жөн. Оны солтүстікқазақстандық полицейлер көп жылғы тәжірбиеге сүйене отырып жазып шығып, халыққа баннер түрінде таратуда. 15 тармақтан тұратын ақыл-кеңес және криминалдық полиция бөлімшелерінің телефон нөмірлері жазылған баннерлер халық көп жүретін жерлерге де ілініп жатыр.
«Қалта ұрысын бет-әлпетіне, киім киісіне, жүріс-тұрысына қарап ажырату мүмкін емес. Олар басқалардан ерекшеленбеуге тырысып бағады. Жұппен немесе жалғыз жүріп те жортуылға шығуы мүмкін. Әсіресе, таңертең және кешке қоғамдық көліктерді торуылдайды. Олардың осындай әрекеттеріне талдау жасай келе, қалта ұрлығының алдын алу мақсатында баннерлерді аялдамаларға ілуді жөн көрдік», – дейді департамент бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Петропавл тұрғындары полицейлердің бастамасына оң бағаларын беріп, бұл іске қолдау танытып отыр. «Көзбен көрген нәрсе есте жақсы сақталады. Баннерлердегі ақыл-кеңестердің көмегі көп. Автобусты күтіп тұрған адамдар міндетті түрде оқиды. Қажет ақпарат», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Светлана Насырова.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, Петропавл қаласында осындай 200-ден астам баннер ілінбек. Бұған дейін аялдамаларға интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған плакаттар жапсырылған болатын. Автобустарында жолаушыларды ескерткен аудиороликтер жүреді.