«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰШҚАН ҰЯМДЫ ҰМЫТПАЙМЫН

Ораз КЕРІМБЕКОВ,

еңбек ардагері.

Мен №9 кәсіптік колледжді әлі күнге дейін қимастық сезіммен еске аламын. Жастық шағымыздың бір бөлігі өткен оқу орны ерекше ыстық. Ат басындай алтынға айырбастамайтын қимас күндеріміз қол бұлғап, өзіне шақырып тұрғандай көрінеді кейде.  

Ұмытпасам, 1958 жылдың жазы болу керек. Петровка ауылында механизаторлар даярлайтын училище ашылғалы жатыр деген хабар желдей есті. Жаңа білім ордасының алғашқы түлегі қатарында болғанымды ерекше мақтан етемін. Қызылжар өңірінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп Беларусь, Украина, Молдова елдерінің түбіт мұрт бозбалалары да осында оқуға тілек білдіріп, қалып жатты. Ауылдан ұзап көрмеген бізге бәрі таңсық. Бөтен ортаға тез-ақ үйренісіп кеттік. Училищенің алғашқы директоры Кудабеновты ұмыту мүмкін емес. Өте кішіпейіл адам еді. Жылы жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Ұйымдастырушылық қарым-қабілеті тәнті ететін. Темірдей тәртіптің адамы-тұғын. Оның оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Кравцовтың әр қимылы жүзіктің көзінен өткендей өте шапшаң болатын. Алғашқы жылдары оқушылардың саны екі жүзге дейін жетті. Бейімделіп салынбаған ғимараттарда оқып жүрдік. Барға қанағат, жоққа салауат айта жүріп, есілдертіміз тек оқу, мамандық алып шығу болды. Училищені бітіріп кетсем де, одан кейінгі тыныс-тіршілігін сырттай бақылап жүремін.

Әрлі-берлі өткенде соқпай кетпеймін. Бір барғанымда жаңа оқу корпустары салынып, пайдалануға беріліпті. Материалдық-техникалық базасы нығайып, оқытушылар білікті кадрлармен толығыпты. Училищенің мақтан тұтар түлектері көп. Солардың бірі А. Недосеков ерен еңбегінің арқасында омырауына Еңбек Қызыл Ту, «Еңбек Даңқы» ордендерін жарқырата тақты.  

1981 жылы үшжылдық оқу жүйесіне ауыстырылып, оқушылар саны 400-ден асып жығылды. Шәкірттер кеңбейінді тракторшы, жүргізуші мамандықтарымен қатар, аспаздықтың, химия-биологиялық сараптама лаборанттығының қыр-сырына да үйретілді. Жақсы жабдықталған аудиториялар мен шеберханалар пайда болды.

Училищеге басшылық еткен директорлардың қай-қайсысы болсын артына ұлағатты із, жарқын қолтаңба қалдыра білді. Олардың ішінде Александр Шмурыгиннің есімі айрықша аталады. Білгір ұйымдастырушы жетекшілік еткен кезеңде оқу орны адам танымастай өзгерді. Әсіресе, ұжым қатарына жастар көп тартылды. Наталья Сухова жабдықтаған оқу кабинеті облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алды. Оған “Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім саласының үздігі” атағы берілді. Владимир Боевтың ашқан жаңалықтары мен өнертапқыштығын жұртшылық сүйсініп айтып жүрді. Ол құрастырып шыққан “Муравей” тракторы өңірлік техникалық шығармашылық көрмеде бас бәйгені ұтып алды. Мектеп оқушылары арасында жас техниктер клубын ұйымдастырды. А. Ғаббасов, А. Галицкаяның іс-тәжірибелері көпшілікке таратылды.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды біз ұмыта қойған жоқпыз. Нарық сынына төтеп бере алмаған бірқатар кәсіптік-техникалық училищелер жұмыстарын тоқтатты. Ал А. Шмурыгин өзі басқарған оқу орнын қосалқы шаруашылықтың табысы есебінен сақтап қалды. Бұл ерлікпен пара-пар еді. Басқалар қалай күн көрудің амалын таппай жатқанда бұлар өз тауарларын облыстық ауыл шаруашылық жәрмеңкелерінде сатып жүрді. Үлкен сұранысқа ие болғаннан кейін өнім түрлерін молайтуға кірісті. Тіпті, Бүкілодақтық халық шығармашылығы ұжымдарының көркемөнер байқауына қатысып, екінші орын алғаны бар.

– 1997 жылы облыс әкімінің шешімімен №19 кәсіптік-техникалық училище және Петровка мектебі негізінде Петровка кәсіптік-техникалық училищесі құрылып, мәртебесі өзгерді. Заман ағымына ілесу үшін көптеген тың қадамдар жасалды. Кәсіптік бағдар берудің жаңа жолдары іздестірілді, – дейді бір әңгімелескенімде Александр Петрович.

2004 жылы Петровка мектебі – аудандық, ал лицей облыстық бюджеттерден қаржыландыруға көшірілді. Бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Жаңалыққа жаны құштар А. Шмурыгиннің бастамасымен 2006 жылы мұнда облыс көлемінде оқыту ісіне инновациялық әдістемелерді енгізуге қатысты “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Ол кездері инновациялық тақырып ауызға алына бермейтін.

Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде оқу орнының қабырғасынан екі мыңнан астам білікті маман қанаттанып ұшыпты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp