«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЖЕЛЕР ӘН ШЫРҚАЙДЫ

Зейнет демалысына шықсақ та, үйде қол қусырып отырған жоқпыз. Біз сияқты әжелер немере тәрбиелеп, үй шаруасына қарайласып, күйбің тірліктен еш қол үзбейді. Десек те, күнделікті тіршілік қамымен жүрсек-тағы, сүйікті ісімізбен айналысуға уақыт табамыз. Біз ән саламыз!

2005 жылдың 30 тамызында менің бастамаммен халық әндерін орындайтын әжелер тобы ұйымдастырылды. Бастапқы кезде ансамбль сырнайдың сүйемелдеуімен халық арасында кең тараған “Бір бала”, “Маусымжан”, “Шилі өзен”, “Дедімай-ау” сияқты ескілікті әндерді орындап жүрді. Өз қолымен тігілген ақ жаулықтар мен қазақ оюымен өрнектелген желбіршекті көйлектер, түрлі түсті қамзолдар мен ұлттық бұйымдар сахнаға шыққан әжелердің көркін одан сайын арттыра түсті.

Жылдар өте келе ұжым құрамы өзгеріп, ән айтуға жаңа қатысушылар келе бастады. Репертуар жаңа әндермен толықтырылып, орындаушылық шеберлік шыңдалып, сахнаға шығу жиілене түсті. Бүгінгі күні “Балқадиша” ансамблі – мемлекеттік концерттер мен бұқаралық іс-шаралардың ғана емес, облыстық байқаулар мен фестивальдардың белсенді қатысушысы. 2009 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші халықаралық фестиваліне қатысып, 2-орынды иеленсе, 2013 жылы түркі халықтары әндерінің фестивалінде жерлес ақын Б.Бекмағамбетовтың “Салдаурен” әнімен тағы бір мәрте 2-орынға ие болды.  

Биылғы жылғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған көркем-өнерпаз шығармашылығы байқауының қорытындысы бойынша ансамбль облыстық галаконцертке шақырылды. Облыс тұрғындары ансамбльдің қазақ және орыс тілдерінде орындаған “Катюша” әнін аса жылы қарсы алды. Жуырда ансамбль “Ассамблея – бейбітшілік пен келісім бесігі” атты облыстық фестиваль-байқауына қатысып, қазылар алқасының оң бағасын алып, грамотаға ие болды.

Ал қазір орақ науқаны жүріп жатқан кезде ұжымымыз егістікке концерттік бағдарламамен шығып жүр. Алдағы уақытта мерейтойлық концерттермен аудан бойынша гастрольге шығуды жоспарлап отырмыз. Себебі, ән – өмірдің ажары. Өн бойыңды жасартып, жақсы өмірге, қоғамның, жалпы елдің көркеюіне жетелейді. Зейнет демалысында жүрген біздей әжелер қоғамның дамуына өз үлестерін осылай қосып жүр.

Гүлнәр ӘБІЛҚАЙЫРОВА,

“Балқадиша” фольклорлық ансамблінің жетекшісі.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp