«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙГІЛІ БАЛУАНДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесінің екі күнінде Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың залында еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері, кезінде өңіріміздің әйгілі балуандарының бірі болған Мәлік Мүрсәлімовті еске алуға арналған халықаралық жарыс жер-жерден жиналған үміткерлердің басын қосты.

Қырғызстаннан, Ресейден (Түмен қаласынан), Алматыдан, Қарағандыдан, Астанадан, Ақмола облысынан (Көкшетау, Степногорск қалаларынан), Қостанайдан, Тараздан, өңіріміздің он екі ауданынан (Тимирязевтен басқа) жасөспірім балуандар, барлығы 240 үміткер боз кілемде бақтарын сынады.

Жарысқа ер балалармен бірге қыздар командасы да қатысты.

Ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, еркін күрестен балалар мен жасөспірімдердің облыстық құрама командасының бас жаттықтырушысы Смағұл Амановты әңгімеге тартқанымда ол:

– Мәлік Мүрсәлімовті біз әрқашан да жадымызда сақтаймыз. Ол Мамлют ауданының Бостандық ауылында туып-өскен, Петропавлдағы қазақ мектеп-интернатында оқыған. Осында оқи жүріп, еркін күреспен шұғылданды. Республикамыздың жастары арасында жеңімпаз атанды. КСРО-ның спорт шебері дәрежесіне қол жеткізді. Сондықтан Қазақстанның құрама командасына мүшелікке алынып, республика намысын қорғады. Бір өкініштісі, 74 килограмм салмақ дәрежесінде жасындай жарқырап жүрген шағында өмірден ерте озып кетті, – деді.

Марапаттау сәтінде ұлттық дәрежедегі төреші Есілбай Омаров жақсы шеберлігі үшін Ұлбике Қасымбековаға өзі тағайындаған кубокты тапсырды.

Осынау тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған жарысқа биыл алпыс жасқа толатын Мәліктің жерлес достары, Бостандық ауылындағы ЖШС-нің басшысы Зәбкен Шаяхин мен ауылдасы Ерсайын Оспанов демеушілік жасап, Ресейде медальдар мен кубок жасатыпты.

Жарысқа қатысушылар оның орайлы ұйымдастырылғанын атап айтып, ризашылықпен аттанды. Әсіресе, оңтүстік көршіміз – Қырғыз елінің балуандарының қуанышы ерекше болды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp