«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛ БОСАНДЫРУДЫ ДА БІЛУ КЕРЕК

Облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің базасында өткен апталық курс аясында жүрек-өкпе ауруларын емдеу, күйік шалу, қан кету, сүйек сынған кезде медициналық көмек көрсету, тіпті әйел босандыру кезінде қажет дағдыларды пысықтады.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ офицерлері бұған дейін жоспар бойынша парашютпен секіріп, суға сүңгу дайындығынан өткен болатын. Ал осы жолы манекеннің көмегімен әйел босандыру ер адамдар үшін нағыз сынақ болды. Дегенмен, курсқа қатысқан сегіз қызметкер операцияны сәтті аяқтап, әйел босандыру жайлы түсінік алып, тәжірибе жүзінде қажет дағдыларды меңгерді. Облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі полиция майоры Ерік Құлжанов арнайы бөліністің қызметкерлері кез-келген уақытта түрлі шақыртулар мен төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, медициналық көмек көрсете білудің адам өмірін сақтау үшін маңызы зор. Адамдар түрлі жарақат алған кезде, сүйегі сынса, қан кетсе, күйік пен үсік шалса және тағы да басқа жағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету туралы білікті оқытушылар құрамы баяндады. Дәрігерлер полиция қызметкерлерін адамның жүрегі тоқтап қалған кезде, тыныс алу жолдарына бөгде заттар түскенде, күйік шалғанда, уланғанда шұғыл көмек көрсетуге үйретті. Курс аяқталғаннан кейін ЖҚАЖ қызметкерлеріне парамедиктің арнайы сертификаты табыс етілді. Полицейлер алған білімдерінің өз қызметтерінде қажет болатынына күмәнданбайды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp