Өткен аптада облыста 14 өрт оқиғасы тіркелді.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйдің біреуінде тұратын 29 жастағы әйел тілсіз жаудың құрбаны болды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, әйел табалдырықта шылым шегіп отырып, оны сөндірместен ұйықтап кеткен. Сөйтіп, табалдырық өрт ошағына айналған. Денесінің 95 пайызын от шарпыған әйел сол жерден табылған. Ол ауруханаға жетпей қайтыс болды. От жалыны үйдің төбесі мен сәкісін жарамсыз етті.
Петропавл қаласының Воровский көшесіндегі жеке тұрғын үйден шыққан өртке пештің ақауы себеп болып отыр. Тілсіз жау үйдің қабырғалары мен төбесін жарамсыз етті. №5 өрт сөндіру бөлімінің жасақтары мен темір жолдың әскерилендірілген өрт сөндіру командасы үйлердің маңындағы қора-қопсыларды бүлінуден аман алып қалды.
Театр көшесіндегі пәтерлердің біреуінде электр желісіндегі қуаттың күрт артуынан сымдары қысқа тұйықталған теледидар жарылды. Өртті сөндіру кезінде үйдің кіреберісінен 37 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 8-і – бала. №3 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлері жедел қимылдап, өртті жарты сағат ішінде бұғалықтады. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.
Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы қора-қопсының отқа орануына да сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болған көрінеді.
Тимирязев ауданының орталығында екі кәсіпкерге тиесілі сауда павильоны таң ата отқа оранды. Аумағы 120 шаршы метрді құрайтын ғимарат толығымен жанып кетті. Өрттің неден шыққаны анықталу үстінде.
Жыл басынан бері облыста 39 өрт болып, 1,8 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 2 адам қайғылы қазаға ұшырады.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.