Бүкіл республикамызға танымал “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко өткен ғасырдың жетпісінші жылдары артта қалған кеңшарлардың бірін басқаруға алып, оны аяғынан тік тұрғызды. Мал табындарын сауықтырды, егіншілікке жаңа агротехникалық шараларды енгізді, әлеуметтік саланы қалпына келтірді. Реформалау және қайта құру кездерінде шаруашылықты сақтап қалумен бірге, оның меншік түрін өзгертіп, агроқұрылымды пайдалы және қуатты ете түсті. Ол республикада алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері атанды, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағына ие болды, ордендермен және медальдармен марапатталды. Өзінің еңбек жолын машина-трактор шеберханасының реттеушісі қызметінен бастаған оның ұлы Геннадий көп жылдардан бері әкесінің сенімді көмекшісі әрі ізбасары болып келеді. Қазір серіктестіктің директоры, барлық өндірістік және басқа мәселелерді де іс жүзінде шешетін – сол.
“Геннадийді бірінші көргеннен-ақ барлық болмысымен, іс-әрекетімен, табандылық, білуге құмарлық, әділдік және адалдық сияқты мінез-құлқымен әкесінің ісін нағыз жалғастырушы екенін бірден байқадым. Әрқашан да әкесінен асып туған ұл болу керек. Зенченко әулетінде де солай. Үрім-бұтағымен шаруа болған және республикадағы ауыл шаруашылығының танымал басшыларының бірі атанған Иван Емельяновичтен оның ұлы Геннадий Иванович асып түсті. Қазір Геннадий Геннадьевич те осындай ұмтылыс үстінде. Бұл – отбасында қалыптасқан жақсы сабақтастық дәстүр”, – деп мінездеме береді Геннадий Геннадьевичке оның досы және әріптесі, Ақмола облысындағы “Родина” ЖШС-нің директоры И. Сауэр.
“Германияда өткен халықаралық көрмелердің бірінде бұл жас жігіттің мал шаруашылығының ұңғыл-шұңғылына терең бойлайтындығына таңғалдым. Асқан кәсіби шеберлікпен сауалдар қойып, сол жерде оны сараптан өткізіп, есептеп, алынған ақпараттардың ең бағалысын ғана екшеп, қарулануға алатындығына көзім жетті”, – дейді Шығыс Қазақстан облысындағы “Камышинское” ШҚ-ның жетекшісі В. Акулов.
Бұлардың бәрі бос сөз емес. Аталмыш шаруашылықта жұмыстың негізгі екі бағыты бар. Олар – егіншілік және мал шаруашылығы. Осы екі сала бастапқы кезеңнен өткізуге дайын өнімге дейін жергілікті жерде тікелей атқарылып, мұқият жолға қойылған өндірістік кластерді құрайды. 2007 жылы “Мал шаруашылығы саласын дамыту туралы” бағдарламаға қол қойған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында аталмыш серіктестікте тауарлы-сүт фермасы кешенін құруға арналған ауқымды жоба қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Кешенде толық автоматтандырылған және барынша жағдай жасалған екі ферма және 50 сиырға арналған канадалық “Карусель-Глобаль” қондырғысы орнатылған сүт сауу блогы бар. Сиырлар Канададан ұшақпен әкелінді, ал модульді мамандар 4 айда құрастырып шықты. Қазір канадалық сиырлардың төлдері жыл сайын 8 мың литрге дейін сүт береді.
Биыл өндірісі толық автоматтандырылған сүт өңдеу зауыты іске қосылды. Оған бірегей құрал-жабдықтар орнатылған. Ол нормадан ауытқуға мүлдем жол бермейді. Зауытты немістің шығарушы фирмасының өкілдері құрастырып шықты. “Зенченко және К” сүт кәсіпорнының өнімі – жүз пайыз табиғи.
– Біз құрғақ қайта өңделген сүттен өнім шығармаймыз, біздің шикізатымыз – тек табиғи. Мұндай өнімдердің пайдасы мен дәмдік сапасын тұтынушылар бағалап та үлгерді, оларға деген сұраныс Солтүстік Қазақстанда ғана емес, көрші облыстарда да, елордасы – Астанада да жоғары. Қалай десек те, тап-таза немесе қалпына келтірілген сүттен жасалғандығын жоғары жақтан арнайы стандартпен бекітсе және өнімді таңбаласа дегенге қол жеткізе алмай келеміз. Өкінішке қарай, тауар өндірушілер сүттің терең залалсыздандырудан өткенін өз өнімінің заттаңбасында көрсетпейді. Бекер-ақ. Бәсекелестік адал ниетті болуға тиіс. Қазақстандықтар ұлттың денсаулығын ойлайды, ал құрғақ сүтпен сау бала өсіре алмайсың, – дейді Геннадий Геннадьевич.
Жаңа зауыт толық жобалық қуатында жұмыс істеген кезде тәулігіне 50 тоннаға дейін сүт қажет ететін болады. Қазір шаруашылықтың барлық фермаларында бір тәулікте 41-44 тонна сүт өндіріледі. Сондықтан коммандиттік серіктестіктің директоры жаңа мал қораларын салуда, зауыт толығымен өз шикізатымен жұмыс істеу үшін мал табынын көбейтуді жоспарлап отыр.
Егіншілікке келетін болсақ, онда да шығармашылыққа еркіндік мол. Жер қамқорлықты қажет етеді. Шаруашылық барлық технологияны мұқият сақтайды. Танаптарда гектарына тұрақты түрде 30 центнерден өнім беретін дәнді дақылдардың аудандастырылған, сыннан өткізілген сұрыптарын қолдана отырып, жаңа селекцияларды қадағалап отырады, оны белсенді түрде қолдану үшін сынақтан өткізіп көреді.
Жыл сайын ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып отырады. Коммандиттік серіктестік бұрынғысынша көкөніс өсірумен айналысады. Картоп, қызылша, пияз, сәбіз өсіреді. Барлық өнім – экологиялық жағынан таза.
Майлы дақылдар өсіруге аса мән береді. Бұл дақылдарды өсіруді 3 мың гектардан бастаған болатын. Қазір оны 5 мың гектарға дейін ұлғайтты. Рапс өсіруге ерекше көңіл аударады. Бұл дақыл өте кірпияз, бапты қажет етеді. Сондықтан себуге жарамды тұқым мұқият таңдалды. Омбы облысындағы Сібір тәжірибе станциясының тұқымы ғана басқаларға қарағанда көндігіп кетті. Зиянкестермен күресуді де үйренді. Осылардың бәрі өз нәтижесін берді. Бір тонна рапс бидайдан үш есе қымбат және қазір оған деген сұраныс мол. Рапстан басқа зығыр да егеді. Әзірше қазақстандық нарықта оған деген сұраныс шамалы, ал Еуропа оны қуана алады. Тек зығырдың сабаны ғана пайдаға аспайтын. Ол үгітуге де, ұсақтауға да көнбейді. Геннадий Зенченко оны да тиімді пайдаланудың ретін тапты: зығыр сабанын арнайы қазандықтарға отын ретінде қолдана бастады. Әр қазандық 600 киловатқа дейін жылу қуатын береді. Бір сағатқа 400 килограмдай сабан ғана жұмсалады. Шаруашылықта ондай сабанның 3 мың тоннадайы бар. Мұндай отын қандай пайда әкелетіндігін есептеп шығу қиын емес.
Энергия жайында сөз қозғалғаннан кейін электр қуатын өндіру үшін желдің күшін пайдалану жөніндегі жұмыс жалғасып жатқанын да айта кету керек. Қазақстанда су мен жел сияқты табиғи энергия көздерін пайдалану жөніндегі Президент бағдарламасы осы “Зенченко және К” КС-де жүзеге асырыла бастады. 2012 жылдың күзінде жалпы қуаттылығы сағатына бір жарым мың киловатт электр қуатын құрайтын екі жел қондырғысы орнатылды. Әр қондырғы бір жылда 170 мегаватт энергия береді. Биыл тағы екі қондырғы іске қосылмақ.
Шаруашылықтың өндірістік бағдарламасы әлеуметтік саламен астасып жатыр. Мал шаруашылығы мен егіншіліктегі жетістіктер бұл салаларды пайдалы жүргізу әлеуметтік саланы үнемі жақсартып отыруға, осы жерде өмір сүретін адамдардың жағдайын қызғылықты да әртүрлі ете түсуге мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы жабық каток пайдалануға берілді. Биыл Новоникольскоеде жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Орталық қоныстағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Үстіміздегі жылы су құбырлары желісін ауыстыру бағдарламасына қол жеткізілді. Су құбырының жаңа желісі мал шаруашылығы кешені мен жергілікті тұрғындарды тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады. Сонымен бірге суармалы егістік учаскесінің көлемі де ұлғая түспек. Бір сөзбен айтқанда, мұнда өмір қимыл-қозғалыссыз емес. Ол дамуда және күннен-күнге жақсара түсуде.
Валерий МАСЛОВ,
“Одақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Қызылжар ауданы.