«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ӘКІМДЕР МЕКТЕБІНДЕГІ» САБАҚ

Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере отырып, «Әкімдер мектебі» оқу жобасын бастауды тапсырған болатын. Осыған орай елімізде сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылып, оқу онлайн және оффлайн түрде жүргізілетін болады. Оқу курстары барысында әкімдердің жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулар мен салықтар, коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану дағдылары үйретіледі. Біздің өңірде 130 ауыл әкімі біліктілігін арттырады.

Бұл жөнінде ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өткен алқалы басқосуда айтылды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев жоба аясында білікті мамандар даярлаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылғанын айта келіп, халықпен етене жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Оқыту курсы 3 айға жалғасады. Олар бір апта облыс орталығында білім алса, сосын онлайн-режімде біліктіліктерін арттырады.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асановтың айтуынша, әкімдердің тікелей сайлануы – жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға бағытталған қадам. Билік пен халықтың бір-бірімен өзара ашық қимыл жасауына кең жол ашылады. Ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауы 2021 жылы өтті. Төрт жылдың ішінде сайлау 235 округте өткізілген.

Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов ауылдық округ әкімдері тек теориялық білім алумен ғана шектелмейтінін, бұдан бөлек, практикалық тапсырмалар берілетінін айтты. Атап айтқанда, өздері басқарып отырған елді мекендерді дамыту жобаларын ұсынады. Өңірдегі ауылдық округ әкімдерінің 70 пайызы – бұрын- соңды мемлекеттік қызметте істемеген. Сондықтан игі бастаманың маңызы айрықша.

Әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі. Оқу бағдарламасына сәйкес қатысушылардан төрт топ құрылып, Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана, қалалық мәслихат және Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалы оқу өткізілетін орындар ретінде белгіленді.

Бағдарламада практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану мәселелері, практикалық кейстер де кеңінен қамтылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp