«Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешенінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай шара өтті. Ғұлама ғалымның атын иеленген Петропавлдағы мектеп-лицейдің оқушылары данышпан жайында оқығандарымен бөлісіп, мұрасы туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Жиынға тарихымызды зерттеуге ықылас танытып жүрген мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты.
«Әл-Фараби мұрасы арқылы бүгінгі ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу» тақырыбында өз ойларын ортаға салған өрендер қазақ жерінен шыққан ғұлама мұрасына кеңірек тоқталып, оның тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Трактаттары осы күнге дейін өз өміршеңдігін жойған жоқ. Әл-Фараби атындағы мектеп-лицей жанындағы тарих клубының мүшелері ұлы бабамыздың трактаттарындағы адамгершілік, ізгілік, мейірім сынды қасиеттерге қатысты құнды ойларды сөз етті. Мәселен, ғалым өз туындылары арқылы адамдарды жақсы өмір сүруге, білім қууға, жаман әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Өзі атап өткендей, материалдық құндылықтардан гөрі рухани баюға, жан-жақты дамуға ұмтылғандар ғана нағыз бақытқа кенеледі. Оқушылар ұлы ойшылдың қазақ өнеріне, мәдениетіне қатысты айтқандарын еске салды. «Шығыс пен батысты қатар мойындатқан, әлемде Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған, өз заманының ең кемеңгер энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын таныстыру арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында отансүйгіштік, өз халқына деген құрметті қалыптастырғымыз келеді», – дейді мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смайылова.